Ералы Тоғжанов әлеуметтік сала мәселелері жөнінде кеңес өткізді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен негізгі әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкімет басшысының ресми сайты.
Білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму министрлері әлеуметтік саланың негізгі бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды.
Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес бүгінде республикада жалпы контингенті 250 мың баланы құрайтын 147 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Олардың ең көп саны Алматы (50), Маңғыстау (16) облыстарында, Шымкент қаласында (14) орналасқан. Вице-премьер үш ауысымды оқыту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын жедел шешудің маңыздылығын атап өтті. Ол үшін оңтайлы шешім – жылдам тұрғызылатын аз шығынды модульдік мектептер салу.
Денсаулық сақтау саласында жоғары білікті кадрлар тапшылығы, ауруханаларды қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру проблемалары өзекті күйінде қалып отыр.
Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қолдау шараларымен төмен қамтылуы Түркістан облысында 7%, Ақтөбе облысында 12%, Алматы облысында 13% және Павлодар облысында 18% құрайды. Е. Тоғжанов медицина кадрларын даярлауға гранттар санын көбейтуді, барлық жас мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді, оған қосымша қажеттілікті анықтау үшін медициналық жабдықтарға егжей-тегжейлі инвентаризация жүргізуді тапсырды.
Бұқаралық спорт саласында балаларды мемлекеттік спорттық тапсырыспен қамтудың ең төмен көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай облыстарында байқалды. Премьер-Министрдің орынбасары халықты, бірінші кезекте балаларды бұқаралық спортпен қамтуды ұлғайтуға, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, мәдениет объектілерін салуға, кітапханалар мен мұрағаттар жұмысын жаңғыртуға ерекше күш салу керектігін атап өтті. Вице-премьер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің З0 жылдығын мерекелеуге бүкіл қоғамды тарту, сондай-ақ іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға азаматтардың қатысуы үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ әкімдіктердің ақпаратын тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов жергілікті жерлерде қаржыландырудың қажетті көлемін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Кеңес бағдарламасы шеңберінде өңірлер әкімдерінің орынбасарлары салынып жатқан 800 төсектік көпбейінді университет ауруханасының және BINOM жаңа форматтағы мектебінің тұсаукесеріне қатысты, сондай-ақ тез тұрғызылатын модульдік мектептер салу арқылы жаңа оқу орындарын құрудың оңтайлы нұсқалары көрсетілді.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»