Астанада жыл басынан бері 1 464 қылмыс камераның көмегімен ашылды
Жалпы ауданы 800 шаршы шақырымнан асатын елорда аумағында жоспарлы түрде мыңдаған бақылау камерасы орнатылып отыр. Оның басым бөлігі – күнделікті жұмыста оң нәтиже беретін цифрлық бейнебақылау жүйесі, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда 24 мыңнан астам бейнебақылау камерасы елордалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығарылды.
Сонымен қатар, қызметкерлер кәсіпкерлік нысандарында және басқа да жерлерде орнатылған 42 мың камераның жұмыс істеуіне қол жеткізе алады.
Жыл басынан бері камералардың көмегімен 1464 қылмыс ашылды, оның ішінде 8 қарақшылық шабуыл, 81 тонау, 30 автокөлік ұрлау, 1063 жеке мүлікті ұрлау, сондай-ақ 24 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде 3655 ұсақ бұзақылық, 6993 қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу фактілері анықталды.
«Сергек» аппарат-бағдарламалық кешен камераларының көмегімен 641 706 құқық бұзушылық фактісі тіркелді.
«Қала тұрғындары мен қалалық қызметтерден келіп түскен ұсыныстар негізінде Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елорда аумағында бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмыс жүргізуде. Бірінші кезекте, қаланың шет аймақтарын, жаңа құрылыс аумақтарын, аулаішілік аумақтарды, азаматтар көп жиналатын орындарды, білім беру нысандарын камералармен жабдықтау жоспарлануда», — деп атап өтті елордалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»