Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының 17-ші отырысы өтті
Бүгін Бакуде (Әзербайжан Республикасы) Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Қазақстан тарапынан тең төраға Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Әзербайжаннан — Энергетика министрі Парвиз Шахбазов болып табылады.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастың өзекті аспектілерін талқылады.
Бақыт Сұлтанов атап өткендей, ҮАК алаңы екі ел ынтымақтастығының маңызды және перспективалы бағыттары бойынша "сағаттарды салыстыруға" мүмкіндік береді.
— Соңғы бірнеше экономикалық дағдарыстар, өкінішке орай, біздің сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың даму қарқынын бәсеңдетті. Тұрақты өсу траекториясына шығу үшін өзара қарым-қатынасымызға жаңа серпін беруіміз қажет. Бізде нақты индикатор бар — мемлекет басшылары алдымызға мынадай міндет қойды: жақын арада өзара сауда көлемін кемінде 2 есеге арттыру, — деп атап өтті Сұлтанов.
Сауда-экономикалық байланыстарды табысты қалпына келтіру үшін қазақстандық тарап Әзербайжанға тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін қарауды және вакцинация паспорттарын өзара тануды пысықтауды ұсынды. Сондай-ақ, Әзербайжан тарапы қызығушылық танытқан жағдайда Әзербайжанға "КазВак" вакцинасын жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Қазақстан сондай-ақ қазақстандық өндірістің ӨЖЖ аппараттарын жеткізуге дайын.
Бақыт Сұлтанов өзара сауданы кеңейту аясында біздің нарықтардағы импорттық тауарларды Қазақстан мен Әзербайжанда өндірілген өнімдермен алмастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
— Сауда — экономикалық өзара қарым-қатынастарды кеңейтудің келесі қадамы, біздің ойымызша, экспортқа бағдарланған өнімді өндіруге бағытталған өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кооперациясы болып табылады, — деп мәлімдеді Сұлтанов.
Қазақстан министрі Әзербайжан тарапына Әзербайжан аумағында "ауыл шаруашылығы өнімдерін тартудың тораптық орталықтарын" құру арқылы құрылатын Еуразиялық тауар өткізу жүйесіне қосылуды ұсынды. "Бұл сіздің АӨК өнімдерін Қазақстанға ғана емес, басқа елдердің нарықтарына экспорттау үшін «жасыл дәліздер» алуға мүмкіндік береді", — деп атап өтті ҮАК тең төрағасы.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының он жетінші отырысының хаттамасына қол қойды.
— Бүгін біз елдеріміздің ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқыладық. Әлемдік экономиканың жаңа форматтары дәстүрлі форматтарды қайта қарауды ынталандырады. Ағымдағы жағдайды бағалай отырып, бізге жаңа сын-тегеуріндерге бейімделуіміз қажет. Біздің елдеріміздің тауар айналымы жөніндегі деректер ынтымақтастықтың қазіргі әлеуетін пайдаланбайтынымызды айқын көрсетеді. Қазақстан таяу уақытта Әзербайжан экономикасы талап ететін: металлургия саласында, тамақ өнеркәсібінде, мұнай-химия саласында және т.б. тауарларды жеткізуді ұлғайтуға дайын. Қазақстан, сондай-ақ, жекелеген тауарларды жеткізуге мүдделі. Мысалы, агроөнеркәсіп, мұнай-химия өнімдері және басқа да бірқатар өндірістік тауарлар.
Дәстүрлі сауда-экономикалық байланыстардан басқа, біз көлік-логистикалық сауда тізбектерін тиімді қайта құрылымдауда өзара іс-қимыл жасай аламыз және жасауға тиіспіз. Мұны халықаралық сауда толық қалпына келгенше жасау маңызды. Болжамдар бойынша, 2028 жылға қарай әлем бойынша сауда ағындарының көлемі 45%-ға өседі. Логистиканың негізгі бөлігі жер үсті көлігіне түседі. Біздің қазіргі міндетіміз – Транскаспий көлік дәлізін әлемдік жеткізу жүйесіне дұрыс енгізу, — деп түсіндірді Комиссия отырысының қорытындысын ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»