Түркістан қаласында жаңа мектеп ашылды
Бүгін Түркістан қаласында жаратылыстану-математикалық бағытта олимпиада резервін дайындайтын №28 мектеп-лицейінің тұсауы кесілді. 900 орындық жаңа мектептің ашылуына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты, деп хабарлайды әкімдік.
«Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Ендеше, осы жаңа мектептің табалдырығын алғаш аттағалы отырған Сіздерді — үздік оқып, ел үмітін ақтап, еліміздің патриот азаматы болатындықтарыңызға сенемін. Қолдарыңызға алғаш алған «Әліппе» оқулықтарыңыз құтты болсын!», -деді әкім.
Биыл алғашқы қоңырау шарасы ел көлемінде эпидахуалға байланысты тек 1 сынып оқышыларының қатысуымен өтті. Бұл мектеп-лицей оқушылардың заманауи білім алуларына жол ашады. Мұнда барлық заманауи пән кабинеттері қарастырылған. Оқушыларға білікті ұстаздар тереңдетіп білім беретін болады.
Айта кетерлігі, биыл жаңа оқу жылын Түркістан қаласындағы 33 мемлекеттік және 10 жекеменшік мектеп 45248 оқушымен бастап отыр. Олардың ішінде 4221 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, қолдарына жаңа «Әліппені» ұстады.
Биыл Түркістан облысында 927 күндізгі орта білім беру ұйымында оқу процесі дәстүрлі форматта 500 мыңнан астам оқушы білім алады.
Вам может быть интересно: «Число жертв падения автобуса в пропасть в Перу возросло до 33 человек»