Алматыда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 22,4%- ға төмендеді
Алматыда жасөспірімдер арасындағы қылмыс төмендеді. Бұл туралы қаланың бас полицейі Қанат Таймерденов мәлім етті, деп хабарлайды Polisia.kz
Қанат Таймерденовтың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 22,4% төмендеуі байқалады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 5,6%-ға азайды.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары ерекше бақылауда. Жыл басынан бері 417 жасөспірім мен 375 жағдайы нашар отбасы анықталып, ішкі істер органдарына есепке алынды. 12 қиын жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымына жіберілді. Сонымен қатар 407 кәмелетке толмағандар қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері жалпықалалық 14 жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылды», – деді Қанат Таймерденов.
Сонымен қатар, ол мектептерді және іргелес аумақтарды қамту бойынша алдын алу жұмысты жақсарту мақсатында осы жылдың маусым айында ұйымдық кадрлық өзгерістер болғанын атап өтті.
«Білім мекемелеріне бекітілген «мектеп инспекторлары» кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аймақтық инспекторлар қызметіне ауыстырылды. Енді инспекторлар тек мектепке ғана емес, өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аймаққа да қызмет көрсетеді», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»