Ұлттық теннис орталығының корттарында 19-26 қыркүйекте Astana Open ATP 250 халықаралық турнирі өтеді
Ұлттық теннис орталығының корттарында 19-26 қыркүйекте Astana Open ATP 250 халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды Olympic.kz Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш жарыс ATP-ның жаңартылған ресми күнтізбесіне енгізілген. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, ATP-ның директорлар кеңесі мен қатысқан ойыншылар өткен жылғы осы доданың деңгейін жоғары бағалаған. «Пандемияның қайтадан кең таралуына байланысты биыл күзде Қытайда көптеген жарыстар өтпейтін болды. Бұған алаңдаған ATP басшылығы біздің бір жарысты өткізуге келісім бергенімізге ризашылық білдірді. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыстар ең алдымен жастарға жол ашады», деді Ю.Польский.
Astana Open жарысынан бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Мұнда жеңімпаз атанған ойыншы Astana Open-нің негізгі турниріне, жүлдегерлер іріктеу сайыстарына жолдама алады. Астана ашық біріншілігіне Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесовтер қатысады. Ал Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев секілді жастар ел чемпионаты арқылы өз бағын сынап көреді.
Жанкүйерлер үшін бір жаңалық, жарысты ұйымдастырушылар балаларды шектеулі көлемде кортқа кіргізуді жоспарлап отыр. Олар барлық санитарлық талаптарға сәйкес әуелі ПТР тест тапсырады. Сөйтіп ол балалар сүйікті теннисшілерінің ойындарын өз көзімен көре алады. Ересек жанкүйерлер жіберілмейді. Қазақстан теннис федерациясы барлық матчтарды ҚТФ сайты мен Қазақстан телеарналарында көрсетуді ұйымдастырады.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»