Қарағанды облысының мектептерінде инклюзия қолдайтын кабинеттердің саны өсуде
Өткен оқу жылында Қарағанды облысында ерекше балаларға қажетті жағдай жасаған мектептер саны 343-тен 370-ке дейін өсті. Инклюзивті білім берумен қамту 73% құрайды, Қарағанды облысының әкімдігі деп хабарлайды.
Бұл туралы Тамыз кеңесінде онлайн режимінде Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова айтып берді.
– Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметіне педагог-ассистенттердің 59 штаттық бірлігі енгізілді. Аутистік спектрдің және ментальдық, мінез-құлықтық ауытқулары бар балалардың саны үнемі өсіп келе жатқанын ескере отырып, соңғы екі жылда облыстың сегіз мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды, оның төртеуі – «Болашақ» қайырымдылық қорымен бірлесіп іске қосылды, – деп хабарлады Гүлсім Қожахметова. – Инклюзивті тәжірибе бойынша оқытудан өткен педагогтардың үлесі 32-ден 60%-ға өсті.
Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 207 педагог қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқудан өтеді. Бұл қосымша 500-ден астам баланы білім беру қызметтерімен қамтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап Теміртауда 60 орындық оңалту орталығы өз жұмысын бастайды. Жыл соңына дейін облыс орталығында тағы бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында екі түзету кабинетін ашу жоспарлануда.
– Алдағы жылы Шахтинск қаласында ПМПК және Қарағандыда «Асыл мирас» қайырымдылық қорымен аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы жылы жұмыс істеп тұрған арнайы ұйымдар мамандарының штаты 50 адамға ұлғайтылды. Бұл мыңнан астам баланы оңалту көмегімен қосымша қамтуға мүмкіндік береді, – деді Гүлсім Қожахметова.
Сонымен қатар, өңірде «Малахит» интерактивті платформасы енгізілуде, ол арнайы білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау, балалардың тексеруден өтуі және кейіннен оңалтумен консультативтік көмек алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі @ Көшіру кезінде дереккөз сілтемесін пайдаланыңыз.
Вам может быть интересно: «В Кабуле после прихода талибов к власти подорожали продукты»