Талдықорғанда қысқы спорт түрлеріне арналған спорт кешенінің құрлысы басталды
Талдықорғанда қысқы спорт түрлеріне арналған спорт кешенінің құрылысы басталды, — деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жеке меншік қаржыға салынып жатқан нысанда спортшылар шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трэк спорты сияқты спорт түрлерімен айналысатын болады. Жалпы Алматы облысында 3700-ден астам әр түрлі спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Өңір тұрғындарының 32 пайызы бұқаралық спортқа жұмылдырылған. Соңғы үш жылда 13 дене шынықтыру сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Тағы төрт кешеннің құрылысы жүріп жатыр. 10 мың баланы қалаған спорт түрімен айналысуына жағдай жасалып, 1 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Жалпы биыл Жетісу өңірінің спорт саласын дамытуға 21,5 млрд теңге қаржы бөлінген.
«Биылғы жылы қолданысқа тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенін беру жоспарлануда. Ол Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында ашылады. Келесі жылға Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында және Алакөл ауданының Достық кенті мен Лепсі ауылында спорт кешендері ашылады деген жоспарлануда», — деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын Талдықорғанда халықаралық стандарттағы жүзу бассейні ашылған болатын.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»