Алакөлге батып, көп су жұтып қойған адамды тіс дәрігері мен спортшы аман алып қалды
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Алакөл демалыс орнында суға батып кете жаздаған адам жағаға шығарылған, дем алмай жатқан оны сол маңда жүрген тіс дәрігері мен спортшы жасанды тыныс алдырып құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Әсем Өмірбекова мен Айдос Серікқалиұлы суға тұншыққан адамға жедел жәрдем қызметкерлері келіп жеткенше алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
«Екеуі достарымен бірге Алакөлге демалуға барған. Кенет олар су жағасында жатқан біреудің қасында көп адамның жиналып қалғанын байқайды. Әсем мен Айдос сол жаққа қарай жүгіре жөнелді. Белгілі болғандай, жаңа батып кете жаздаған адам суға тұншығып қалған. Айдос оның кеуде тұсына массаж жасап, жасанды тыныс алдыру арқылы өмірін сақтап қалуға тырысты. Әсем де қарап қалмай оған көмек көрсетті. Осының арқасында есін жиған ер адам жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылған», — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Айдос Серікқалиұлы Семейдегі джиу-джитсу мектебін ашқан әлем чемпионы. Ал Әсем Өмірбекова тіс дәрігері болып жұмыс істейді.
Вам может быть интересно: « Куда могут полететь казахстанцы за рубеж»