Сарапшы Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының басымдықтарын атады

 ҚР Президенті жаңындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстин Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет үлкен немесе кіші, қуатты немесе әлсіз, дамыған немесе даму үстінде болуы мүмкін. Бірақ кез келген мемлекет ең алдымен адамдардан тұрады. Мемлекетті құратын адамдар және тек адамдардың күш-жігерімен, олардың бірлескен жұмысының арқасында ғана мемлекет ары қарай дами алады. Мемлекеттік механизмнің жұмыс істеуі де адамдарға байланысты. Осы тұрғыда мемлекеттік саясаттың жүргізілуіне ықпал ете алатын тұлғалар деп тек мемлекеттік қызметкерлер мен саяси лауазымды азаматтарды ғана қабылдамауымыз керек. Әр бір азамат ел дамуына өзінің үлесін қоса алады, қосуы тиіс екенін ұмытпауымыз қажет», — деді ол.

Сондықтан да ол ел аймақтарының экономикалық және әлеуметтік дамуының стратегиялық міндеттерін, сондай-ақ тұрғындардың және жалпы мемлекеттің мүддесін ескере отырып, 2025 жылға дейінгі Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін айтады.

«Жоба аясында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін одан әрі жетілдіруге және арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер еңгізілді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделі бес негізгі принцип негізінде қалыптасатын болады: азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы; жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау; ұйымдық, экономикалық және қаржылық мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігі; мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметінің нақты функционалдық шекарасы; жергілікті өзін -өзі басқару органдарының тұрғындар алдындағы ашықтығы мен есептілігі. Аталған концепцияның жүзеге асырылуы ауыл әкімдерінің сайланбалы болуынан бастау алды. Бұл саяси үдерістің басты мақсаты азаматтарды мемлекеттік басқару мен жергілікті шешімдер қабылдауға белсенді тарту болатын. Яғни, азаматтар өзінің белсенді сайлау құқығын пайдаланып, ауыл әкімін сайлау арқылы өз аймағының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына әсер ете алуы. Сонымен қатар осы өзгерістерді жүзеге асыра алатын үміткерлердің бәсең сайлау құқығының негізінде өзін-өзі немесе партия атынан үміткер болып ұсынылуы да мүмкін. Ауыл әкімдерінің сайлауынан басталған саяси реформалар 2024 жылы алғаш рет аудан әкімдерінің сайлауымен жалғасатын болады», — деді Индира Рыстина.

Сарапшының атап өтуінше, азаматтық белсенділікті ынталандыру үшін жергілікті деңгейдегі мәселелер бойынша тұрғындардың шешім қабылдауға тікелей қатысуы қарастырылған. Атап айтқанда, бұл елді мекендердің мәртебесін, атауы мен шекарасын өзгерту, жергілікті қоғамдастықтың бірінші кезектегі міндеттерін анықтау мәселелері жатады. Ауылдың өкілді органы — «Кеңес» құрылады. Кеңеске жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетін орындауды бекіту және бақылау, ауылдық деңгейдегі салық мөлшерлемелерінің көлемін реттеу, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өкілеттіктер беріледі.

«Ауылдың өзіндік бюджеті кеңейетін болады. Мысалы, бүгінде төртінші деңгейдегі бюджеттің тапшылығы байқалады. Ауылдың өзіндік табысы жалпы шығынның 13,4 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Осыған байланысты, 2022 жылдан бастап ауылдық деңгейге салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрін көшіру көзделуде. Олар: бірыңғай жер салығы; жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем; оларды сатудан түскен түсімдер және оларды жалға беру құқығын сатқаны үшін төлем. Бұл тұжырымдамада енгізілген өзгерістердің бір ғана бөлігі, сонымен қатар ауыл әкімшілігінің жұмысы, штаттық құрамы мен функционалды қызметтір бойынша да ұсыныстар бар», — деді бөлім басшысы.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1102 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить