Қазақстандық жас теннисші Черногорияда өткен турнирдің жеңімпазы атанды
Қазақстандық Михаил Мищенко жұптық сында Подгорица қаласында (Черногория) 12 жасқа дейінгілер арасында Тennis Europe сериясында өткен «RIO VERDE CUP» турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, М.Мищенко черногориялық Вук Крстаичпен бірге финалда ресейліктер Петр Бочаров пен Мирослав Морозовты 6:1, 6:4 есебімен ұтты.
Сондай-ақ Өзбекстан астанасы Ташкентте 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF сериясындағы беделді халықаралық турнирде тағы бір қазақстандық Еркежан Арыстанбекова табысты өнер көрсетті. Ол ресейлік Влада Минчевамен бірге жұптық сында финалға дейін жетті. Соңғы тартысты бәсекеде қазақстандық-ресейлік жұп Беларусь өкілі Александра Азарко мен өзбекстандық Анна Хайкиске 6:7, 6:2, 7:10 есебімен есе жіберді.
Ташкентте жекелей сында бес теннисші ширек финалға дейін жетті. Сандуш Кенжебаева ширек финалда ресейлік Влада Минчевадан 3:6, 3:6, Еркежан Арыстанбекова өзбекстандық Анна Хайкистен 3:6, 0:6, Мария Синицына белоруссиялық Александра Азаркодан 6:4, 4:6, 1:6 есебімен ұтылды.
Бозбалалар арасында ширек финалда Ерасыл Ерділда жарыстың бірінші ракеткасы, өзбекстандық Максим Шинге 2:6, 2:6, Макс Батютенко тағы бір корт иесі Амир Милушевке 4:6, 7:6, 3:6 есебімен жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Прагадағы турнирдің финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Вам может быть интересно: «Талибы заявили о мирном подходе к решению ситуации в Афганистане»