Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің есімдері белгілі болды
2021-2022 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, Қазақстан студенттерінің Альянсы және «Отандастар» қорының өкілдері болды.
Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 75 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Биыл «Білім беру» және «Денсаулық сақтау», сонымен қатар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құқық, дизайн, менеджмент білім беру бағыттары сұранысқа ие.
Грантқа үміткерлер арасында 8 мыңнан астам «Алтын белгі» иегерлері, 800-ден астам халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың 520 жеңімпазы бар. Ұпайлар тең болған жағдайда, олардың басым құқығы болды.
«Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің сапалық құрамын жақсарту мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Біз болашақта педагог болғысы келетін талапкерлерге қойылатын талаптарды күшейтіп жатырмыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуде педагогикалық бағыттар бойынша өту балы 75-ке дейін көтерілді. Бұл ретте біз оң үрдісті байқап отырмыз — педагог болуға ниет білдірген түлектердің саны артып келеді», — деп атап өтті ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік осал санаттағы балаларға алғаш рет квоталар бөлінді. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар грант алуда басым мүмкіндікке ие болды.
«Сонымен қатар тиісті квота бойынша гранттарды жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері алды. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде артықшылыққа ие болды. Мәселен, егер педагогикалық мамандықтарға 11 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, олардың мыңнан астамына жеңілдігі бар санаттағы азаматтар ие болды», — деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Айта кетейік, Президенттің тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни, өткен жылы 51 мың грант бөлінсе, биыл 56 мыңға дейін ұлғайды.
Ендігі кезекте мемлекеттік білім гранты иегерлері оқуға қабылдану үшін құжаттарын жоғары оқу орындарына 25 тамызға дейін тапсыруы тиіс.
Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімімен төмендегі сілтемелер арқылы танысуға болады:
1) ҚР БҒМ Telegram каналы https://t.me/bilim_jane_gylym
2) «Егемен Қазақстан» республикалық газеті және https://egemen.kz/ сайты;
3) «Казахстанская правда» республикалық газеті және https://www.kazpravda.kz/ сайты;
4) https://tengrinews.kz/ ақпараттық порталы;
5) https://ru.sputnik.kz ақпараттық порталы;
6) «Күнделік» жүйесі https://portal.kundelik.kz;
7) Joo.kz, UniVision.kz қосымшалары.
Вам может быть интересно: «Талибы заявили о мирном подходе к решению ситуации в Афганистане»