Қызылорда облысында спортпен тұрақты шұғылданушылар 254 мың адамнан асты
Қызылорда облысында дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар 31,3 пайызға жетіп, 254 мың адамнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар саны артып келеді. Бүгінде аталған көрсеткіш 31,3 пайызға жетіп, 254 мың адамнан асты. Бұл мақсатта 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенде қызмет атқарады. Ауылдық жерлерде 42 мың адамды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысады. Сондай-ақ, облыстың барлық аудан орталығы мен Қызылорда қаласындағы 8 дене шынықтыру-сауықтыру клубында салауатты өмір салтын ұстануға көңіл бөлгендер қатары арта түсті.
«Биыл аймақта түрлі деңгейдегі сайыстар өткізуге жол ашылды. Осы мақсатта облыс аумағында жыл басынан бері 564 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 53 мыңнан астам адам қатысты. Атап айтқанда, балалар-жасөспірімдер спорт мектептері арасында облыс біріншілігі ұйымдастырылды. Әуесқойлар арасында жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған республикалық дәстүрлі турнир биыл да жалғасын тапты», — деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде велоспорттан елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы, Марат Сатыбалдиев, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Жетес Сүлейменовтің жүлделеріне арналған республикалық турнирлер көпшілік қызығушылығын туғызып келеді. Ал қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» жарысы он жылдан бері талай таланттың танылуына жол ашты. Футболдан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған жарыс та оқушылар арасында кеңінен танымал.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері көптеген спорт түрлерінен 8 Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогы ұйымдастырылды. Мәселен, жастарымыз самбо, гандбол, спорттық би, велоспорттан бәеске көрігін қыздырса, ауыр атлетикадан жарыс онлайн жүйеде 2 рет өткізілді. Сондай-ақ, республикалық 20 және облыстық деңгейде 84 біріншілік ұйымдастырылды.
Облыста халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында спорт кешендерінің саны артып келеді. Сол арқылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 спорт кешенінің құрылысы қолға алынады. Қуанарлығы, «Самрұқ» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы бой көтереді. Бүгінгі күндері «Нұрсәт» теннис орталығы жанынан 4 жабық теннис корты ашылса, байдарка және каноэде есу базасы ел игілігіне айналды.
«Облыста спорт резервін әзірлеу бағытында түрлі мекемелер қызмет атқаруда. Атап айтқанда, олардың қатарында балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық даярлау орталығы және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жас ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеп келеді. Бұл мекемелерде 20 мыңнан астам өрен спортың 47 түрімен тегін шұғылданады», — деді басқарма басшысы бізбен әңгімесінде.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, спорт клубтарында дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданатын 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны 29 876 адамға жетті. Ол 17,6 пайызды құрайды.
«Облыс спортшылары ел біріншілігі мен кубоктарында 700 медаль жеңіп алды. Олардың 211-і алтын, 208-і күміс, 281-і қола. Ал әлем және Азия чемпионаттарында түрлі деңгейдегі 47 медальға қол жетті. Нәтижесінде 35 ҚР спорт шебері, 278 ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 57 бірінші cпорттық разрядты спортшылар дайындалды», — деді басқарма басшысы.
Ақтау қаласында дзюдодан өткен Азия кубогында Мағжан Шамшадин чемпион атанса, Салтанат Сұлтанбекова, Бауыржан Жауынтаев пен Айбек Серікбаев үздік үштікті түйіндеді. Ал Үндістанның Нью-Дели қаласында стенд атудан өткен Әлем кубогында Айжан Досмағамбетова екінші, Максим Коломоец қолүшінші орынға табан тіреді. Алматы қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионатында Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен алтын алса, әйелдер күресінен Асылзат Сағымбай қола жүлдегер атанды. Бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатында Әсел Сағатова, ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Айзада Мүптілда қола жүлдеге қол жеткізді. Пара пауэрлифтингтен Әлем кубогында Станислав Шакиев чемпион атанса, Әлем кубогында Кабира Асқарова үздік үштіктен көрінді. Ал ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатында Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева алтын медаль иеленді. Ал жекпе-жек сайысынан Әлем чемпионатында Бақытбек Үмбетқұлов қола жүлдегер атанды.
«Жақында ғана аяқталған Токио Олимпиадасында облыс атынан бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан Мөлдір Жаңбырбай ел намысын абыроймен қорғады. Бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Президентіміздің қолынан Қазақ елінің Көк туын алып, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл – біздің Сыр спорты үшін үлкен мақтаныш», — деді басқарма басшысы.
Енді 24 тамыз және 5 қыркүйек аралығында Токио қаласында өтетін ХVI жазғы Паралимпиада ойындарында облыстан Даяна Федосова пара-дзюдо спорт түріне сынға түседі.
Вам может быть интересно: «Талибы заявили о мирном подходе к решению ситуации в Афганистане»