Қызылорда облысында биыл 355 шақырым жол жөнделеді
Қызылорда облысында биыл 355 шақырым жол жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған жұмыстар «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту», «Ауыл — ел бесігі» бағдарламалары аясында жүргізіледі. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Автомобиль жолдарымен қатар көпір өткелдері де жөнделмек.
Мәселен, «Қызылорда-Жалағаш» жолының 91 шақырымын жөндеуге 3,1 млрд. теңге қаралған. Қазірге дейін оған республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Әзірге бөлінген қаржы жолдың ең нашар бөліктерін жөндеуге бағытталуда. Биыл Қызылорда қаласынан Тереңөзек кентінің кіре берісіне дейінгі тас жол жөнделеді. Тағы айта кетерлігі, Жалағаш кентін «Самара-Шымкент» автодәлізімен байланыстыратын жол да жөндеу көрмек. Ал жолдың қалған 61 шақырымы алдағы жылы толық жөндеуден өткізіледі.
«Облыс орталығындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейінгі магистралды көшенің құрылысын аяқтауға қаржы қаралған. Ол Сырдария өзенінің сол жағалауындағы қорғаныс бөгеті бойымен жүргізіледі. Бұл жолды тамыз айының аяғында пайдалануға беру жоспарлануда. Ал «Эдельвейс» саяжай аумағы сол жағалау бөлігіндегі магистралдың құрылысына да қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша да елді мекендердің ұзындығы 80 шақырымнан астам 64 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде», — деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов.
Айта кету керек, осы жылдың 7 айының қорытындысымен 8,1 млрд теңге игеріліп, аймақта 127 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті.
Вам может быть интересно: «Талибы заявили о мирном подходе к решению ситуации в Афганистане»