Ұлттық біліктілік жүйесі не үшін қажет
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ұлттық біліктілік жүйесі не үшін енгізіліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда еңбек нарығы технологиялық прогресті жеделдету, экономиканы цифрландыру сияқты жаһандық трендтердің ықпалымен өзгерістерге ұшырап, соның салдарынан жұмыс берушілердің талаптары мен болашақ мамандардың біліктілігі арасында алшақтық қалыптасып отыр. Осыған байланысты қазақстандықтардың кәсіби білімдерін, дағдылары мен құзыреттерін үнемі жаңартып отыру қажеттігі туындаған
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары Қазақстандағы ересек тұрғындардың үздіксіз білім алуға аз тартылғанын атап өтті. Мәселен, 2018 жылы ересек халықтың тек 17%-ы (16-65 жас) бейресми оқытуға қатысқан. Бұл ретте әйелдердің қатысу үлесі ерлерге қарағанда жоғары (13,85 және 20%)», — дейді министрдің бірінші орынбасары.
Ақмәди Сарбасовтың айтуына қарағанда, бұрын дәстүрлі жолдармен алынған біліммен 10 жыл бойы біліктілікті арттырмай-ақ жұмыс істеуге болатын. Ал қазір көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл көлемінде ғана сақталады.
«Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың 4-5%-ы ғана жыл сайын кәсіптік оқуға немесе жалпы дамыту курстарына қатысады. Осы мәселелерді шешу үшін біздің министрлік Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде», – деді вице-министр.
Вам может быть интересно: «Талибы заявили о мирном подходе к решению ситуации в Афганистане»