Елорда әкімі: Спорт нысандары қала тұрғындары үшін қолжетімді болады
Елорда әкімі Алтай Көлгінов балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің, федерациялардың, қалалық спорт мекемелерінің өкілдерімен кездесуде бұқаралық спортты дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
«Елордада спорт кластері жақсы дамыған. Жыл сайын халықаралық стандарттарға сай жаңа спорт ғимараттарын ашып жатырмыз. Қалада 1,2 млн адам тұрады, олардың үштен бірі – жастар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту маңызды.
Басты міндетіміз — спорт нысандарының бәрін қала тұрғындарына қолжетімді ету», — деді Алтай Көлгінов.
Қала әкімі спортқа қатысты бес мәселені атап өтті.
«Бірінші. Елорда жастары бағдарламасын қабылдадық. Бұл бағдарлама тұрғын үй, білім алу, жұмысқа орналасу және бос уақытты тиімді өткізу сияқты мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Оған тағы да бір бағыт қосылады. Ол – бұқаралық спортты дамыту бағыты.
Мысалы, өткен жылы жеңіл атлетикалық спорт кешенін аштық, қазір онда жеңіл атлетиканың 7 түрі бойынша кәсіби спортшылар ғана айналысады.
Елорда тұрғындарын көбірек қамту мақсатында қыркүйек айынан бастап оған тілек білдірушілердің бәрі барады. Яғни жеңіл атлетикамен тілек білдірушілердің бәрі айналыспақ. Жеңіл атлетика кешеніне күніне 750 адам, ал айына 20 мыңнан астам адам бара алады», — деді ол.
Әкімнің айтуынша, екінші міндет—балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау.
«Қазір қалада 8 мыңнан астам баланы қамтитын 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Қосымша қаржыландыру бағыты есебінен балалар санын 50%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қосымша жаттықтырушыларды жұмысқа аламыз. Жастар бұқаралық спорттың қай түрі бойынша және қайда шұғылдана алатыны туралы стендтер болады», — деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдер мектептерінің құрамында ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен айналысуына бағытталған жеке бағыт бар. Инклюзия желісі бойынша 17 спорт пәні бар.
«Үшінші. Жүйелі деңгейде аула клубтарының санын көбейтуді жалғастырамыз. Қазір олардың саны 30-дан көп, бірінші кезеңде санын 50-ге дейін көбейтеміз. Бұл екі есе көп баланы қамтуға мүмкіндік береді», — деді әкім.
Әкімнің айтуынша, қаланың төрт елді мекенінде (Көктал, Өндіріс, Үркер (Ильинка) және Теміржолшылар) жалпыға қолжетімді дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, сондай-ақ Азия елдерінде танымал үстел теннисі орталығын салынып жатыр. Бұл – төртінші мәселе.
«Көкталда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл спорт кешендерінде қала тұрғындары әртүрлі спорт түрлерімен тегін айналысып, денсаулығын нығайта алады», — деді ол.
Бесінші — «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында соңғы екі жылда абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктер саны (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) 400-ге жеткен.
«Бұл қоғамдық орындар спорт инфрақұрылымды қамтиды: футбол, волейбол, баскетбол, стрит-воркаут, веложол және т.б.
Осылайша, Президенттің тапсырмасы бойынша спорт инфрақұрылымын кәсіби клубтарға емес, бұқаралық спорт түрлеріне барынша қолдау көрсетуге баса назар аудара отырып дамытамыз.
Бұқаралық спортқа баулу қала тұрғындарының денсаулығына оң әсер етеді», – деді елорда әкімі.
Вам может быть интересно: «Талибы заявили о мирном подходе к решению ситуации в Афганистане»