Қарағанды облысында COVID-19 жұқтырған ауыр науқастар көбейді
Қарағанды облысында инфекциялық науқастарға арналған төсек-орынның 50%-дан астамы бос емес. Жансақтау бөлімшелерінде 163 ауыр науқас бар, олардың 45-і ӨЖЖ аппаратына қосылған. Бұл туралы Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев Сovid-19 жұқтырған ауыр науқастардың көбеюіне не себеп болғанын айтты.
«Өкінішке орай, соңғы уақытта бізде ауыр науқастардың жұқпалы аурулар ауруханаларына түсуі жиілеп кетті. Ықтимал қарым-қатынасты анықтау кезінде науқастар Бурабай, Баянауыл, Балқаш сияқты жерлерден демалыстан оралғанын немесе түрлі мерекелерге барғанын көрсетеді. Сондай-ақ әлсіздік сезініп, ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбейді. Ауруханаға тыныс алу жеткіліксіздігі, әлсіздік, айқын интоксикация өршіген күйде келіп түседі», – деді Гамаль Тоқсамбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингіде.
Спикердің ақпараты бойынша, облыста қазір инфекциялық төсектердің 52,7%-ы бос емес. Стационарларда коронавируспен ауыратын 3 мыңға жуық науқас емделіп жатыр. Жансақтау бөлімшелерінде 163 ауыр науқас бар, олардың 45-і ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Қарағандыда медициналық көмек көрсету үшін 380 төсек орны ашылды. Қала бойынша 2 971 төсек-орынға дейін ұлғайтылды, оның 58%-ы қазір жұмыс істейді.
Басқарма басшысы жедел жәрдем бригадаларының саны артқанын атап өтті.
«Қазір жедел медициналық көмекті 105 бригада көрсетуде. Аурушаңдық өскен жағдайда тағы 20 бригаданы желіге шығара аламыз», – деді Гамаль Тоқсамбаев.
Ол қарағандылықтарды вирустық инфекцияның алғашқы белгілері кезінде медициналық көмекке жүгінуге және өзін-өзі емдеумен айналыспауға шақырды. Ведомство басшысы коронавируспен күресудің негізгі әдісі — вакцинация екенін тағы да еске салды.
Қарағанды облысында пандемия басталғаннан бері 70 мыңға жуық КВИ ауруы тіркелді, оның 79%-ы жазылып кетті. Эпиджағдай күрделі болып отыр – әр тәулік сайын инфекция жұқтырғандар мыңға жетсе, кейде тіпті одан да асып кетіп жатыр.
Автор Агата Мухамеджанова
Вам может быть интересно: «Талибы заявили о мирном подходе к решению ситуации в Афганистане»