Алматыда құрылыс саласындағы 44 мердігер компания жауапқа тартылды
Мегаполисте құрылыс сапасына салғырт қараған 44 мердігер компания жауапқа тартылды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласының құрылысты бақылау басқарма басшысының орынбасары Олжас Төлебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл басынан бері тексеру қорытындысы бойынша құрылыс сапасына әсер ететін бұзушылықтары үшін 44 мердігер жауапкершілікке тартылды. Лицензиядан кейінгі бақылау нәтижесінде 42 лицензияның қолданылуы уақытша тоқтатылды, 360 лицензияның қызметі мүлдем тоқтатылды. Құрылыс алаңдарында бақылауды дұрыс жасамағаны үшін 15 техникалық қадағалау ұйымы жауапкершілікке тартылды. Оған қоса 4-еуінің сарапшы куәлігінің қолданылуын уақытша тоқтатылды», — деді ол.
Сонымен қатар, ол салынып жатқан нысандарға тоқталды.
«Алты айдың ішінде салынып жатқан объекті саны – 989. Оның ішінде 338-і пайдалануға берілді, 651 объекті салынып жатыр. Атап айтсақ, бюджеттік — 209, коммерциялық — 442 нысан бар. Құрылыс алаңдарында 323 құрылыс компаниясы және 135 техникалық қадағалау ұйымы жұмыс істеп жатыр»,- деді спикер.
Вам может быть интересно: «Қарағанды облысында қысқы мал азығының 80 пайызы дайын»