Елордада коронавирус жұқтырған жеті баланың жағдайы ауыр
Нұр-Сұлтан қаласында 74 бала коронавирустан емделіп жатыр, оның ішінде 7 баланың жағдайы ауыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ересектерден бөлек коронавирус ауруы балалардың арасында да кезедеседі. Қазіргі таңда елордада 74 бала стационарда ем қабылдап жатыр, оның ішінде 7 баланың жағдайы ауыр. Өткен тәулікте 12 бала ауруханаға түсті. Одан бөлек, 834 бала амбулаторлы түрде ем алып жатыр», — деді Тимур Мұратов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысының мәліметінше, елордада жыл басынан бері коронавируспен 10 мыңнан астам бала ауырып шықты.
«Әсіресе вирусты жұқтырушылар жаз мезгілінде өсіп отыр. Маусым айынан бастап балалар вирустың айқын клиникалық белгілерімен түсе бастады. Бұл улану, қалтырау, дене қызуының көтерілуі, катаральды көріністер де болуы мүмкін. Балалардың отбасындағы екпе алмаған адамдармен байланыстан соң ауыра бастағандығын атап өткім келеді. Яғни вакцина алмаған азаматтар вирусты өз балалары мен жақындарына жұқтырады», — дейді ол.
Бұған дейін Т. Мұратов Нұр-Сұлтан қаласында бір тәуліктің ішінде жәдел жәрдем қызметіне 3300-ден астам қоңырау түсіп, мобильді бригадалар күніне 2 мыңнан астам шақыртуға барғанын айтты.
Вам может быть интересно: «Қарағанды облысында қысқы мал азығының 80 пайызы дайын»