Өзгертіп жабдықталған автобустардан қандай қауіп болуы мүмкін
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов өзгертіп жабдықталған автобустарды пайдаланудың қаупі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жолдағы қауіпсіздік деңгейін анықтайтын келесі фактор – ол автокөліктің техникалық жағдайы. Қазіргі кезде елімізде әрбір үшінші автобус 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Автобус жүргізушілері кінәсінен 228 жол-көлік оқиғасына жол беріліп, содан 16 адам қаза болып, 299 адам түрлі дене жарақатын алды. Ескі автобустардың басым бөлігі жеке адамдардың иелігінде», — деді С. Түсіпов онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, жыл сайын полиция өзгертіп жабдықталған автобустарды пайдаланудың 500-700 фактісін анықтайды. Бұл өз кезегінде автомобиль тасымалы саласында тиісті тәуекелдерге алып келеді.
Жыл басынан техникалық тұрғыда ақауы бар немесе заңсыз қайта жабдықталған автокөлікті басқарудың 55 мың фактісі белгілі болды. Осы көрсеткіш былтырға қарағанда 20 пайызға жоғары болып тұр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 7 айда жол ережесін бұзудың 4 млн-ға жуық жағдайы анықталды.
Сонымен қатар С. Түсіпов жаяу жүргіншілердің тәртібіне қатысты проблеманы айтты.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»