Арыс станциясында сары фосфор өрті: Ауа сапасы тексерілді
«Қазгидромет» РМК мамандары Арыс теміржол станциясында сары фосфор тиелген контейнердің жануына байланысты Арыс қаласындағы атмосфералық ауа сапасын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап.
6 тамыз күні сағат 17:20-да Арыс станциясының платформасында сары фосфоры бар жүктің жануына байланысты «Қазгидромет» РМК-ның Түркістан облысы бойынша филиалының мониторинг зертханасы, жоспардан тыс іріктеу және атмосфералық ауа сынамаларын анализдеу үшін Арыс қаласына барды», — делінген хабарламада.
Өрт шыққан Наурыз шағынауданы қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде, шет жағында орналасқан. Қала тұрғындарының саны 1700 адамды құрайды. Ластаушы заттардың шоғырлануы келесі химиялық қосылыстар бойынша өлшенді: қалқыма заттар, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, күкіртті сутек, формальдегид және аммиак. Өлшеу 6 нүктеде жүргізілді. Олар:
№1 нүкте: Қазыбек би көшесі, Орталық алаң (т/ж вокзалы ауданында).
№ 2 нүкте: Өркендеу к-сі, Наурыз ш/а, іріктеу уақыты 14:15.
№ 3 нүкте: Қаланың солтүстік бөлігі.
№ 4 нүкте: Е.Молдабаев атындағы орта мектеп., Мадалиев к-сі.
№ 5 нүкте: орталық аудандық аурухананың жаны, Жұмабаев к-сі.
№ 6 нүкте: аудан әкімдігінің жаны, Еркобек к-сі.
«Өлшеу нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету анықталған жоқ. Радиациялық фонның деңгейі норма шегінде», — деп қорытындылады синоптиктер.
Айта кетейік, сары фосфор – өте улы (ауадағы ШРК 0,0005 мг/м3), спецификалық сарымсақ иісті зат. Суда ерімейді, ауада тез тотығады және фосфор оксидінің ақ түтінін түзіп, өздігінен жанады.
Еске салайық, 6 тамыз күні Арыс станциясында шамамен кешкі сағат 18:30-да сары фосфор тиеліп, Жамбыл облысынан Ресейге жөнелтілген екі контейнер өртенді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тіркемеде барлығы 64 вагон болған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Наурыз ауданының тұрғындарына қауіпсіз жерге көшуге кеңес берді.
Кейінірек Арыс қаласының Наурыз ауданынан 1700 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
7 тамыз күні түнде Түркістан облысының әкімдігі өрт толықтай сөндірілгенін, эвакуацияланған тұрғындар алаңсыз үйлеріне қайта алатынын хабарлады.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»