Қазақстанда мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамту үлесі қандай
Бүгін Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасында жергілікті қамтуды дамыту бойынша онлайн-форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Энергетика министрінің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда үш жетекші мұнай-газ жобасында жергілікті қамтуды дамыту бойынша жемісті және мақсатты жұмыс жүргізіліп жатыр. Нұрлан Ноғаев ҚПО газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жөніндегі жобаны сәтті аяқтағанын, сондай-ақ газды кері айдаудың төртінші компрессорын салу бойынша жоба аяқталу сатысында екенін атап өтті.
«Мемлекеттің негізгі талабы – жер қойнауын ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға ең аз әсер ететін пайдалы қазбаларды өндіруді қамтамасыз ету. Бұл міндетті Үкімет алдына Елбасы мен Қазақстан Президенті қойып отыр», — деді Нұрлан Ноғаев.
Алайда, жүргізіліп жатқан жұмысқа қарамастан ведомство басшысы ірі операторлардан мұнай-газ жабдықтары мен қосалқы бөлшектерді сатып алу кезінде тауарлардағы қазақстандық қамтудың төмен көрсеткіштеріне алаңдаушылығын білдірді. 2011 жылы Қарашығанақ жобасындағы тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алуындағы жергілікті қамтудың үлесі шамамен 38% құрады, 2020 жылдың соңына қарай көрсеткіштер 59% дейін ұлғайды. Бұл ретте тауарларды сатып алу үшін 2021 жылғы операциялық мәліметтер бойынша қазақстандық қамтудың үлесі небары 10,08% құрайды.
«Бұл тапсырыс берушілердің жергілікті тұтынушылардың барлық мүмкіндіктерін толық пайдаланбауына байланысты. Бұл ретте, бүгінде қазақстандық кәсіпорындардың көпшілігі мұнай-газ саласында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылар қойған талаптарға толығымен сай келеді.
Біз барлығымыз осы мәселені шешу үшін жұмыс істеуіміз керек — жергілікті қамту үлесін арттыру, сондай-ақ сала қызметкерлерінің жалақысының барабар деңгейін белгілеу — бұл ел басшылығы мен Үкіметінің тапсырмасы», — деді Нұрлан Ноғаев.
Ағымдағы жылы Энергетика министрлігінің бастамасы бойынша Қазақстанда мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы ашылды. Ол ҚР аумағында мұнай-газ жабдығын өндіру үшін елеулі қолдау болмақ.
«Орталық жергілікті қамтуды арттыру бойынша жұмысқа жаңа оң серпін береді. Бұл біздің министрліктің жұмысындағы стратегиялық бағыттар мен басым міндеттердің бірі, ол үнемі бақылауда», — деп қорытындылады министр.
Форумға ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтан бөлек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, ҚПО бас директоры б.в. Джанкарло Рую, бизнес, салалық қауымдастықтар және тағы басқалары қатысты.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»