Қазақстанда тұрғын үй құрылысы барысын бақылайтын ахуалдық орталық құрылды
Елімізде тұрғын үй құрылысы барысын бақылап, мониторинг жүргізетін арнайы ахуалдық орталық құрылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ облигацияларды сатып алу механизмі арқылы әкімдіктерге қаржыландыруды ұсыну, сондай-ақ тұрғын үйлердің салу барысына мониторинг жүргізу функциялары берілген «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының қаржы операторы. Осы функцияны орындау аясында Қазақстан тұрғын үй компаниясымен бірлесіп, заманауи техникалық бақылау құралдарын қолдана отырып, барлық объектілерге қашықтықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін ахуалдық орталық құрылды. Ахуалдық орталықтың жұмыс істеу принципіне келсек, әкімдіктің қызметкерлері порталдағы жеке кабинет арқылы апта сайын өңірлерде жылжымайтын тұрғын үй объектілерінің құрылысы барысы, дайын тұрғын үйді қаржыландыру, қаржыны игеру және сату көлемі туралы өзекті ақпаратты орналастырады», — деді Қ. Өскенбаев баспасөз мәслихатында.
Оның мәлімдеуінше, ендігі уақытта кез келген азамат «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ел бойынша тұрғын үй құрылысының барысы туралы ақпаратқа қол жеткізе алады.
«Ахуалдық орталық сайтының «Ақпарат» бөлімінде жобаның атауы, бас мердігер, жобаның құны, қаражаттың игерілу сомасы туралы деректер, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының басталуы мен аяқталуының жоспарлы және нақты күндері көрсетіледі. Ал «Құрылыс барысы» бөлімінде құрылыс жұмыстарының кестесі көрсетілген. Бұдан әрі, «Сурет / Бейне» бөлімінде құрылыс нысанының суреттері мен бейнежазбаны көруге болады. Және «Геолокация» бөлімінде картада сол құрылыс объектісінің орналасқан жері көрсетіледі», — дейді ол.
Вице-министрдің сөзінше, бүгінде әкімдіктер ахуалдық орталық жүйесінде 3 188-ден астам нысанды сату туралы ақпарат енгізді, оның 824-і тұрғын үй.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»