Қазақстанның сыртқы жүк тасымалына пандемия қалай әсер етті
Елімізге сырт елдерден жеткізілетін жүк тасымалы мерзіміне пандемияның әсері туралы «KTZ Express» АҚ контейнерлік тасымалдау қызметі департаментінің директоры Ержан Байғожин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Пандемия кезінде сырт елден жүк жеткізу уақыты орта есеппен 5 күнді құрады. Ал бұрын 12 күнге дейін уақыт алатын. Мысалы, Қытайдың Чунцин қаласынан Германияның Дуйсбург қаласына тауар 11-12 күнде жеткізіледі. Және жүк контейнерлері теңіз арқылы 50 күн ішінде жеткізілсе, біз теміржол арқылы 12 күнде жеткізе аламыз. Дегенмен, пандемияға байланысты жеткізілетін жүктің көлемі артты, сәйкесінше жеткізу мерзімі де 17-18 күнге дейін созылды», — деді Ержан Байғожин баспасөз туры барысында.
Сондай-ақ, департамент басшысы елімізде контейнермен жүк тасымалдау көлемінің артқанын мәлім етті.
«Қазір елімізде транзиттік-логистикалық тасымалдау үдерісі артты, өйткені автомобиль тасымалы жабық яғни халықаралық тасымал жоқтың қасы. Сондықтан да барлық жүк тасымалы теміржол арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта теміржол жүк тасымалы тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік және жеке компаниялардың көмегімен кез келген жүкті жеткізе аламыз. Бүгінде жүкті контейнер арқылы тасымалдау жоғары сұранысқа ие, себебі ол өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Айтар болсақ, жүкті Қытайдан алып келеді, осындағы логистикалық терминалда қабылдап, одан әрі тапсырыс берушіге жеткізеді. Яғни, «есік алдына дейін жеткізу» қағидатымен жұмыс істейді. Бұл контейнермен жүк тасымалдаудың тиімділігін көрсетіп отыр», — дейді ол.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»