Елордадағы жабық базарлар Ashyq-қа қосылады
Елордадағы жабық сауда орындары өзге кәсіпкерлік нысандары секілді Ashyq жобасына қосылады. Бұл коронавирустың таралу қаупін азайтуға, осылайша қызметкерлер мен келушілерді қорғауға және нысанның қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында, мысалы, «Әсем», «Әлем» сауда орталықтары, «Эталон» құрылыс базары бар, сондай-ақ «Шапағат», «Сарыарқа» және өзге де сауда орындары жобаға дайындалып жатыр.
Бүгінде елордада Ashyq жобасында 2 200-ден астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жобаға қатысатын кәсіпкерлер қатысу шарттарын сақтауы тиіс: статусын анықтағаннан кейін ғана келушілерді ішке жіберуі тиіс. Ал мониторинг топтары нысандардың санитарлық нормаларды және шектеу шараларын сақтағанын жүйелі түрде тексеріп тұрады.
Сонымен қатар, Ashyq жобасының арқасында 18 тұрғын «қызыл статусы» (ПТР сынамасы оң нәтиже көрсетті) бола тұра қоғамдық орындарға баруға тырысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша, кәсіпкерлер Ashyq жобасының маңыздылығын атап өтті.
«Біз кешеден бері Ashyq бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келеміз. Жұртшылық арнайы орнатылған тәртіп бойынша кіреді. Кірберісте жиналып тұрмайды. Бүгіннің өзінде келушілер арасында 2 сары,1 қызыл статусы бар адам анықталды. Өз тәжірибемізде мұндай үлкен нысанда да осы жүйе бойынша жұмыс істеуге болатынын көрсеткіміз келеді. Нысан қызметкерлері де, келушілер де өзін қауіпсіз сезінуі үшін осы жүйені орнатқанын қалаймыз», — деді «Әсем» СО директоры Нұрлан Нұрмағанбетов.
Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес осы жылдың 2 тамызынан бастап Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылады. Бұл тәртіп орталық мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, құқық қорғау органдарына, денсаулық сақтау ұйымдарына, БАҚ-қа, азық-түлік дүкендеріне, дәріханаларға және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарына қолданылмайды.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»