Тәулігіне 3 мың шақырту: қарағандылықтар жедел жәрдемге жиі жүгіне бастады
Қарағандыда облыстық жедел жәрдем қызметіне тәулігіне үш мыңға дейін қоңырау келіп түседі. Медициналық қызметкерлерге жүктеме артты. Эпидемиялық жағдайдың күрделілігіне байланысты қосымша бригадалар іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Зульфикар Әбілқасымовтың айтуынша, қоңыраулар саны бірнеше есеге артқан.
«Бүгінгі таңда біз облыс бойынша тәулігіне 3 мыңға жуық шақыртуды тіркейміз. Оның ішінде Қарағанды бойынша 700-ге жуық өтініш түсті. Қосымша бригадалар жұмыс істеуде. Жедел жәрдем фельдшерлері бірінші, екінші және үшінші санаттағы шақыруларға қызмет көрсетеді. Төртінші санаттағы пациенттерді емхана бригадалары өз мойнына алады. Бұл коронавируспен ауыратын науқастар», – дейді жедел жәрдем станциясының басшысы Зульфикар Әбілқасымов.
2020 жылы жедел медициналық жәрдем автокөлігі жаңартылды. Жаңа машиналар барлық қажеттіліктермен толық жабдықталған. Жақында ғана шақыртуларға 150 бригада шықты. Қазір тағы 26 қосылды. Көмек толық көлемде көрсетіледі.
«Бір жыл ішінде атқарылған жұмысқа сүйене отырып, жүктеме жоғары деп айта аламын. Бір бригада тәулігіне 14-16 шақырту алады. Бұл оңай емес, себебі барлық жерде уақыт қажет. Әр қоңырау жеделдікті талап етеді. Науқастар кідірістерге шағымдануы мүмкін, бірақ бірінші кезекте бізде әрқашан күрделі жағдайларға басты назар аударылады. Бұл жүрек-тамыр аурулары, содан кейін жоғары температура, сонымен қатар коронавирустық инфекция және пневмония», – дейді фельдшер Оңдас Жұмағалиев.
Жедел жәрдемнің жедел бөлімі бірыңғай диспетчерлік қызмет құрамында болады. Қоңыраулар ағынына байланысты штат бірліктері де ұлғайтылды.
«Қоңыраулар біркелкі келіп түспейді. Көбінесе адамдар кешкі алтыдан кейін қоңырау шалады. Бір мезетте көптеген өтініштер келіп түсетін кездер де болады. Тиісінше, барлық шақыртуларға дер кезінде жауап беру мүмкін емес. Бірақ желі белсенді түрде жұмыс істей береді. Яғни, диспетчер босағаннан кейін ол келесі қоңырауға бірден жауап береді», – деп түсіндіреді Зульфикар Әбілқасымов.
Дәрігерлер жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды. Барлық өтініштер міндетті түрде қаралады және назардан тыс қалмайды.
«Соңғы 10 күнде аурушаңдық өсуде. Жедел жәрдем бригадаларына жүктеме үлкен. Негізінен балалар мен 40 жастан асқан адамдар ауырып жатыр. Көбінесе ПТР анализі оң нәтиже көрсетеді. Мұндай науқастарды мобильді топтар анықтайды», – дейді Облыстық жедел жәрдем станциясының аға кезекші дәрігері Үмітжан Сұлтанова.
Қарағандылықтардың негізгі шағымдары — жөтел, ентігу. Балаларда диарея, құсу жиі кездеседі. Вирустық инфекция тек жоғарғы тыныс жолдарына ғана емес, сонымен қатар асқазан-ішек жолдарына да әсер етеді.
Жедел жәрдем қызметкерлері қарағандылықтарды өздерін және жақындарын қорғау үшін вакцинациядан өтуге шақырады.
«Біздің қызметкерлеріміздің 90%-дан астамы екпе жасатқан. Барлығы өздерін жақсы сезінеді», – деп атап өтті Зульфикар Әбілқасымов.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»