Өңірдегі барлық мектепте бейнебақылау мен дабыл жүйесі орнатылады – Даниал Ахметов

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында аймақты дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нақты айтқанда, отырыста агроөнеркәсіп кешені саласындағы жаңа жобалар талқыланды. ШҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі дамып келеді. Мәселен, майлы дақылдарды егетін алқаптар ұлғаюда. Себебі, фермерлер Семейде және Глубокое ауданының Предгорное ауылында екі ірі май экстракциялық зауыты бар екенін және өнімдерін соларға өткізе алатындарын жақсы біледі. Сондай-ақ, салада жайылымдық жерлерге қатысты проблема бар. Заңнамаға енгізілген кейінгі өзгерістер пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді қайтарып алып, шынайы мұқтаж шаруаларға ұсынуға мүмкіндік бермек. Айта кету керек, көптеген кәсіпкерлер игермейтін жерлерін өз еріктерімен қайтарып жатыр.

Екінші маңызды мәселе – мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету. ШҚО – 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшаға бару кезегі толығымен жойылған еліміздегі жалғыз аймақ.

Бірақ, Өскемен мен Семейде кішкентай бүлдіршіндерге арналған бөбекжайға әлі де кезек күтіп жүргендер бар.

«Бізге кішкентай бүлдіршіндерді қабылдайтын бөбекжайлардың мәселесімен жақсылап айналысу керек. Алдағы 10 күнде барлық қалалар мен аудандардың әкімдері жоспар дайындап, қажеттілікті зерттейді. Келесі жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жаңа нысандардың құрылысын бастап кетеміз», — деді өңір басшысы.

Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтқан Даниал Ахметов, «19 тамызға дейін облыстың барлық жалпы білім беретін 647 мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталатынын» мәлім етті.

Қазір кабинеттер мен асханаларды жаңғырту жүріп жатыр. Білім беру мекемелерінің бәріне бейнебақылау мен дабыл жүйелері орнатылады.

Бірінші қыркүйекке дейін барлық мектеп қажетті отын қорымен қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімі мектептен тыс балаларды дамыту, шығармашылыққа баулу жұмыстарын ұйымдастыру әлі де жеткіліксіз деп есептейді. Өйткені, ШҚО-да бар-жоғы 114 үйірме мен секция бар.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1320 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить