Президент: Бейбіт заманда жақындарымызды жоғалтпауымыз керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың жаңа толқыны бұрынғыларынан да жойқын болып тұрғанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақорданың Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.
«Коронавирустың жаңа толқыны жойқын болып отыр. Соңғы күндері жүздеген азаматымыздан айырылып қалдық. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық сатып алынды», — деді Мемлекет басшысы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде.
Президент вирус қазақстандықтардың ең нәзік тұстарына соққы болып тиіп жатқанын атады.
«Бұл күресте біздің аға буын зардап шегуде, бұдан да жаманы – балалар індетке шалдығуда. Өзіңізді және жақындарыңызды осы қауіптен қорғаудың жалғыз жолы – вакцинация. Әлемдік медицина әзірге бұдан басқа әдістерді ұсынған жоқ және жақын болашақта ұсынуы екіталай», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, вакцина – бұл өзімізді және отбасымызды қорғаудың жалғыз мүмкіндігі.
«Біздің балалар біздің қателіктеріміз үшін ақы төлемеуі керек! Бейбіт уақытта жақындарымызды жоғалтпауымыз керек. Еліміздің әр азаматына айтарым: денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал, Үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруға тиіс», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Вам может быть интересно: «Ақтөбелік шаруалар Маңғыстауға мал азығын тегін бермек»