Президент эпидахуалды жақсартудың жұмыс жоспарын дайындауды тапсырды
Эпидемиолгиялық ахуалды жақсартудың тиісті жұмыс жоспарын дайындау қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірлердің басым бөлігі қызыл аймақта. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады», -деген Президент жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс жоспарын жасап, сол бойынша әрекет ету керектігін атады.
«Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет», — деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде жұмыс кеңесін өткізіп жатыр.
Жиынға Премьер-Министр, ведомстволардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысуда. Мемлекет басшысы коронавирус індетіне қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы Үкіметтің есебін тыңдап, өңірлердегі жалпы жағдайды жақсартуға және Қазақстан азаматтарының денсаулығын сақтауға бағытталған үйлесімді іс-қимыл жоспары пысықтайды.
Вам может быть интересно: «Ақтөбелік шаруалар Маңғыстауға мал азығын тегін бермек»