Ұлттық банк сәбіз бен картоп ең қатты қымбаттаған өңірді атады
Шығыс Қазақстан облысында сәбіз бен картоп бағасы ерекше қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Ұлттық банк маусым айындағы инфляция көрсеткіштері туралы мәліметінде жариялады.
Ұлттық банк сарапшылары азық-түлік тауарларының қымбаттауы тұтыну бағасының индексіне қатты әсер етіп отырғанын айтады. Банктің ақпаратына сүйенсек, маусым айында жұмыртқаның бағасы 13,9%-ға төмендеген.
«Шығыс Қазақстан облысында азық-түлік тауарларының бағасы 2,3%-ға, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысында 2,0%-ға, Түркістан облысында 1,0%-ға өсті. Шығыс Қазақстан облысында жемістер мен көкеністер бағасы басқа өңірлерге қарағанда жоғарырақ өсті (14,6%), әсіресе сәбіз (144,3%) бен картоп (111,5%), ал Қазақстан бойынша сәбіз 86,3%- ға, ал картоп 40,7%-ға қымбаттады», — деп жазады Ұлттық банк мамандары.
Сондай-ақ, сәбіз Ақмола, Павлодар, Атырау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да 2 еседен артық қымбаттады. Картоп бағасы Павлодар, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жалпы елдегі өсімнен жоғарырақ қарқынмен өскен көрінеді.
Ұлттық статистика бюросның дерегі бойынша, қызылша еліміз бойынша орта есеппен 47,0%-ға қымбаттады. Ең жоғарғы өсім Батыс Қазақстан облысында тіркелді (113,4%).
Бір айда азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы 0,8% (мамырда – 0,6%) болған.
«Ең жоғарғы өсу Нұр-Сұлтан қаласында орын алды (1,3%). Қалада жуғыш және тазалағыш құралдар мен жеке қолданатын тауарлар бағасының да қымбаттауы (2,6% және 2,5%) тіркелді. Жалпы елде бұл тауарлардың бағасы 0,6% жоғарылады. Өткен айда елде жанармай бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ (0,3%). Ал кейбір өңірлерде оның бағасы азын-аулақ төмендеді», — деп жазылған Ұлттық банктің сараптамасында.
Ал қызметтер ақысының бір айдағы қымбаттауы 0,7% болды. Мамыр айында да осындай меде тіркелген болатын. Ақылы қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы Солтүстік Қазақстан (2,1%) және Атырау (1,7%) облыстарында тіркелген көрінеді. Атап айтсақ, бұл өңірдерде электр энергиясы 18,5% және 16,9%-ға қымбатған. Республика бойынша өсім 1,0% екенін ескерсек, бұл тым жоғары инфляция деуге болады.
«Шығыс Қазақстанда тарату желілері бойынша тасымалданатын газ бағасы 17,0%-ға, Солтүстік Қазақстанда 9,9%-ға артса, қалған аймақтарда өзгеріссіз қалды. Басқа аймақтарда тарифтердің өзгермегеніне қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласында суық су 6,5% қымбаттап, ыстық су 20% арзандады (жалпы ел бойынша ыстық су 2,7%-ға арзандады). Ақтөбе облысында да ыстық су 20% арзандағанымен, облыста жылдық ақылы қызметтер инфляциясы ең жоғары болып қалып отыр», — делінген ресми мәліметте.
Вам может быть интересно: «Ақтөбелік шаруалар Маңғыстауға мал азығын тегін бермек»