Елорда автопарктерінде ауқымды дезинфекция жүргізілді

Елордада қоғам көлік жүргізушілері күн сайын ауысымынан кейін автобусына дезинфекция жасайды. Тұтқалар мен орындықтар, есік, валидатор және жолаушылар ұстайтын жерлер сүртіледі. Вирустың таралуының алдын алу үшін автобус салоны желдетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес елордада сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды. Автобустар мен автопарктерде арнайы залалсыздандыратын ерітіндімен ауқымды дезинфекция жүргізіледі.

«Автопаркіміздің қала бойынша төрт орны бар. Қарамағымыздағы 778 автобус жұртшылыққа қызмет етеді. Дәл қазір біз тұрған негізгі кеңседе автобус жуатын екі орын бар. Мұнда күніне 300-ге жуық қоғамдық көлік жуылады. Жуылғаннан кейін міндетті түрлі дезинфекция өңдеуінен өтеді. Яғни әр автобус күніне бір рет жуылып, бір рет өңделеді. Осыған дейін автобустар жексенбі күндері ғана тоқтатылып, дезинфекцияланатын. Енді осы аптадан бастап елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес өңдеу жұмысы сенбі, жексенбі күндері жүргізіледі», — дейді «№1 автопарк» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Тілеуберген.

Басқарма төрағасы дезинфекция жұмысын автопарктің арнайы оқудан өткен мамандары жүргізетінін мәлім етті.

«Дезинфекция жұмысын автопарктің, яғни өзіміздің сертификатталған мамандарымыз жүргізеді. Оларды арнайы оқытып, сынақтан өткіздік. Ал өңдеу жұмысына адам денсаулығына зияны жоқ, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, ауруханаларда қолданылатын ерітінді пайдаланылады. Дезинфекция қоры жеткілікті», — дейді №1 автопарк басшысы.

Автопарктің ережесі бойынша қоғамдық көліктер жуылып болған соң ғана дезинфекциялық өңдеу жасалады. №1 автобус паркінде арнайы оқудан өткен 10 дезинфектор жұмыс істейді.

«Бұл автопаркте жұмыс істегеніме 13 жылдан асып кетті. Бастапқыда кондуктор қызметін атқарғанмын. Цифрлық заманның ағымына қарай кондуктор қызметі тоқтағаннан кейін дезинфекторлыққа ауыстым. Жаңа мамандық болғаннан кейін тиісінше оқудан өттік. Қолымызда арнайы сертификатымыз бар. Жұмысым негізінен 19:00-де басталып, соңғы автобусты дезинфекция жасағанға дейін жалғасады», — дейді №1 автопарктің дезинфекторы Райхангүл Әбдікерова.

Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де құбылмалы болып отыр. COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастар саны өсіп келеді. Мәселен, өткен тәулікте елордада 1,5 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды.

Тұрғындарды коронавирустан сақтау үшін автобус салондарында антисептик орнатылған. Көлік жүргізушілері мен қызметкерлері жеке қорғаныс құралын тағып жүреді.

Еске сала кетейік, елордадағы қоғамдық көлікте жолаушылар міндетті түрде бетперде тағуы керек.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
725 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить