Елордада көше спортына арналған колизей мен бақылау алаңы ашылды
Елордада алғаш рет NS street life атты көше спортына арналған колизей мен бақылау алаңы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елордада таза ауада уақыт өткізуге болатын жаңа орындар ашылып жатыр. Қалада алғаш рет NS street life атты көше спортына арналған колизей ашылды. Бұл екі деңгейлі мультифункционалды арена.
« Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары баскетбол, футбол ойнап, осы спорт түрлерінен жарыстар, сол сияқты бокс және би турнирлерін өткізе алады. Екінші қабатта көлеңкелі шатырлар орналасқан.
NS street life көше спорты колизейі Алматы ауданында Қ,Мұңайтпасов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында (Отан қорғаушылар алаңы маңайы) орналасқан. Колизейдің жанында коньки алаңын ашамыз», деп жазды қала әкімі Алтай Көлгінов желідегі парақшасында.
Әкімнің айтуынша, Есіл өзенінің жағалауы бойындағы саябақта («Қалалық романс» ТК жағынан) балалар мен ересектерге арналған тағы бірнеше аймақ абаттандырылды. Ересектер үшін демалуға арналған тыныш аймақтар және т.б. ашылды. Сонымен қатар, бұл ауданда өзен мен аймақ көрінетін екі қабатты бақылау алаңы орнатылды. Ол аумақтан алыс емес жерде көпір асты кеңістік (Сарайшық бойында) орналасқан. Онда баскетбол, воркаут, йога алаңдары, футбол алаңы және т.б. бар.
«Бұл елорда тұрғындарының бос уақытын денсаулығы үшін пайдалы өткізуіне, сол сияқты спортпен шұғылдануына болатын орындарды барынша көп қамтуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындарының ерте жастан спортпен шұғылдануы маңызды. Мемлекет басшысы халық арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөледі.
Елорданы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жоспары аясында абаттандыру жүріп жатыр. Биыл 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік (саябақ, гүлзар, желекжол) салынады. Олардың жартысына жуығы дайын. Өткен жылы 150 аула және 60 қоғамдық кеңістік абаттандырылды», – деп жазды елорда әкімі.
Вам может быть интересно: «Ақтөбелік шаруалар Маңғыстауға мал азығын тегін бермек»