ШҚО-да қағандар бейнеленген алтын тәж артефактілер табылды

Тарбағатай ауданында «Елеке Сазы» қорғанын қазу кезінде археологтар ежелгі түркі дәуірінің бірегей алтын артефактілерін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов ғалымдармен, археологтармен кездескеннен кейін мәлім етті.

«Екі күн бұрын ғана белгілі археолог Зейнолла Самашев Тарбағатай ауданында қағанат басшылары бейнеленген алтын тәж артефактілерін тапты.

Бүгінгі күнге дейін археологиялық қазба жұмыстары кезінде мұндай көне жәдігерлер кездеспеген еді. Бұл әлемдік жаңалық жақында жарық көретін үш томдық кітап беттеріне енетініне, ал артефактілер мұражай экспонаттарының арасынан лайықты орын алатынына сенімдімін», — деп атап өтті Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, аймақ басшысы Қазақстан тарихына арналған үш томдық кітап редакциясының құрамына кіретін тарихшы-ғалымдармен және археологтармен кезекті рет кездесті.

Бұл басылымға профессор З.Самашевтың басшылығымен қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ежелгі түркі дәуірінің өте қызық ескерткіші – Елеке Сазы шатқалындағы ғибадат ету-еске алу ғимаратына байланысты ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері кіреді.

«Бұл кітапты жазуға құнды тарихи жаңалықтар ашқан көрнекті ғалымдар атсалысып жатыр. Ғалымдардың білімі мен кәсібиліктеріне күмән жоқ. Бұл өте маңызды. Олар кез келген түсініспеушіліктің алдын алатын және оны болдырмауға, бастысы тарихи әрі сенімді фактілерді жариялауға аянбай еңбек етіп жатыр», — деді облыс әкімі.

Дәуірлік тарихи еңбектің бір бөлігі Қазақстанның қалыптасу тарихына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға арналмақ. Үш томдық кітапта 1985-1991 жылдар аралығындағы кезең ерекше баяндалуы тиіс.

Айта кеткен жөн, Елеке Сазы шатқалындағы тастан салынған үлкен ғибадат-еске алу ғимараты екі құрамдас бөліктен тұрады. Жоғары жағы кесілген пирамида түріндегі ғибадатхана және оған іргелес лабиринт бар. Тастан салынған ғимарат қирандыларын зерттеу жұмыстары 2020 жылы басталды.

Ескерткіш Батыс Түрік қағанаты қағандарының бірінің құрметіне салынған. Болжам бойынша оның денесі осында жерленген.

Көп жыл бұрын осы жерден басы сынған қағанның мүсіні табылған болатын. Ол қазір ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы.

Жақында археологтар көптеген қару-жарақ пен ат әбзелдерін тапты. Киімде әшекейлер мен ою-өрнек жапсырмалары бар. Безендірілген белдік кездеседі.

Мұндағы әшекейлердің кей жерлері балқып кеткен.

Сонымен қатар, ғибадатхана түбіндегі айналасы қоршалып, өртенген жердің маңайынан тұтқалары бар қола ыдыс, тостаған және басқа да заттар табылды.

Табылған заттар арасында алтын таққа тағылған қағандардың суреттері бар екі алтын алқа үлкен қызығушылық тудырады. Тақтың оң және сол жағында тізе бүккен қызметшілердің суреттері бейнеленген. Кейіпкердің өрілген шашы мен киім бөлшектері анық көрінеді. Суреттердің бірінен қаған бетінің кескінін көруге болады.

Тарихшылар мен археологтар ежелгі түркілердің көркем мәдениеті мен сәндік-қолданбалы өнерінің осы бір өте шебер туындылары император бейнесінің иконографиясын, сондай-ақ мемлекеттік атрибутиканың бұрын-соңды белгісіз бөлшектерін-зооморфтық безендірілген шынтақшасы бар тақтың құрылысын, тәждердің түрлерін және т.б. егжей-тегжейлі көрсететін көрнекті дереккөз болатынын айтады.

Бұл ортағасырлық жаңа тарихи дерек көзі болып саналады. Ол қағанаттың әлеуметтік-саяси құрылымын, діни көзқарастарын, сот рәсімдерін және т.б. мәселелерге

қатысты сұрақтарға жауап береді.

Табылған материалдар түркі этностарының тарихы мен мәдениетінің түрлі аспектілерін зерттеумен айналысатын әлемнің түрлі елдері мен ғылыми орталық зерттеушілерінің қызығушылығын тудыратыны күмәнсіз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1185 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить