Елордалық бүлдіршіндер 99% балабақшамен қамтылған
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 400-ден астам мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Және астаналық балалардың 99%-ы балабақшамен қамтамасыз етілген. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні елордада 52 307 балаға арналған түрлі типтегі 419 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 100 мемлекеттік және 272 (оның ішінде 262-де мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша) жеке меншік балабақша бар. Сонымен қатар 44 шағын орталық жұмыс істеп тұр, оның 2-уі жеке меншік және 3-уі ведомстволық ұйым. Өткен жылмен салыстырғанда биыл елордада балабақша саны 42-ге ұлғайды», — деді Ш. Сенсенбай қалалық Мәслихаттың жалпы отырысында жасаған баяндамасында.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда елордада балаларды балабақшамен қамту 99%-ды құрайды.
«2019 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік балабақшалар көптеп ашыла бастады, соның нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелер саны 131-ге дейін артты. Ал 2020 жылы 60-қа жуық жаңа жекеменшік балабақшаға 5 800 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 99% — ға жетті», — дейді ол.
Қалалық Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта «INDIGO» электрондық жүйесі арқылы балабақша кезегіне 62 405 бала (0-6 жас) тіркелген.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған жиында қаладағы балабақшалар арасында рейтинг жасау идеясы көтерілді.
Сондай-ақ, Ш. Сейсенбай Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақшалардың 100%-ы бейне бақылау камераларымен қамтылғанын мәлім етті.
Вам может быть интересно: «Во Франции вводят COVID-пропуска для детей от двенадцати лет»