Елорда балабақшаларында жедел әрекет ету орталығы ашылады
Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жедел әрекет ету орталықтары жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа оқу жылына дейін елорданың балабақшаларын жедел әрекет ету орталығымен қамтамасыз ету мәселесі қаралып жатыр. Ол үшін бүгінде тиісті қаражат бөлініп, келісімшарттар жасалуда. Яғни, биыл жаңа оқу жылы басталғанда елорда балабақшалары жедел әрекет ету орталықтары жүйесіне қосылады деп жоспарлап отырмыз», — деді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай елорда мәслихатының жалпы отырысында.
Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібіндегеі басты сұрақтардың бірі болып қала береді.
«Нұр-Сұлтан қаласында әлі де болса мектепке дейінгі ұйымдарды бейнебақылау камераларымен толықтыру қажеттілігі бар. Яғни, барлық бейнебақылау камераларындағы ақпаратты қала әкімдігінің бірыңғай ахуалдық орталығы мен Полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей жетуін қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар балабақшаларда турникеттер мен дауыстық хабарландыру жүйесін орнату керек. Осы орайда балабақша қауіпсіздігі үшін жедел әрекет орталығының маңызы зор және бұл жұмыс қосымша қаржыландыруды талап етеді», — дейді ол.
Осыған дейін Ш. Сейсенбай елорда балабақшалары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілгенін айтқан еді.
Вам может быть интересно: «В Турции число случаев заражения штаммом ‘дельта’ возросло почти втрое»