Елімізде тұрғын үй құрылысына құйылатын инвестиция көлемі өсті
Елімізде тұрғын үй құрылысы саласына бағытталған инвестиция көлемі өсті. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда соңғы 2 жыл ішінде тұрғын үй құрылысына құйылатын инвестиция көлемі күрт өсті. Статистикаға жүгінсек, 2019 жылдың мамыр айында инвестиция көлемі 432 млрд теңге, ал биыл мамыр ай бойынша 732 млрд теңгені құрап отыр. Бұл дегеніміз 2 жыл ішінде тұрғын үй құрылысы саласына инвестиция 1,7 есеге артты. Биыл аталған салаға инвестицияның артуына тағы бір себеп зейнетақы жинағын баспана алу мақсатында қолдануға рұқсаттың берілуі. Маусым айында елімізде тұрғын үй бағасы тұрақтана бастады, оған себеп зейнетақы жиғанының жаппай қолданылып болуы», — деді Қ. Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тұрғын үйге сұраныстың артуы құрылыс материалдарының тапшылығы мен оның бағасының өсуіне алып келді.
«Отандық құрылыс материалдарын өндірушілер кең көлемді сұранысқа төтеп бере алмады. Салдары бағаның өсуіне алып келді. Қазіргі отандық өндірушілер ішкі нарықты бетон, цемент, қабырға материалдарымен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Мысалы, елімізде арматур өндіретін 9 өнеркәсіп жұмыс істейді, оның қуаты жылына 1,9 тоннаны құраса, ішкі нарықтағы арматурға сұраныс 1,2 млн тоннаны қажет етеді», — дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай вице-министр Қ. Өскенбаев еліміздегі тұрғын үйдің бағасына қатысты өз болжамын алға тартты.
Вам может быть интересно: «Ақтөбелік шаруалар Маңғыстауға мал азығын тегін бермек»