Алматылықтар қоғамдық көліктерде ауа баптағыштың жоқтығына шағымданды
Алматылықтар қоғамдық көліктерде ауа баптағыштың жоқтығына шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Далада 40- 45 градус ыстық. Ал қаладағы автобустарда кондиционер жоқ. Автобустардың 70-80% -да ауа баптағыш жоқ деп айта аламын. Ал кейбір автобустардың аралықтары 20-25 минут. Бақытжан Әбдірұлы осы мәселені шешуге көмектесіңіз», — деді тұрғын Almaty телеарнасының тікелей эфирінде өткен бағдарламада.
Бұл сауалға алдымен қалалық мобильділік басқармасының бастығы Ғани Мырзаханов жауап берді.
Оның айтуынша, бүгінде 1 198 автобуста кондиционер бар, ал 1 243-інде жоқ.
«Бүгінде 62 автобустың ауа баптағышы істен шыққан. Қосалқы бөлшектерді Қытай мен Ресейден күтіп отырмыз. Олар 10 күн ішінде келуі керек. Содан кейін кондиционерлерді қосамыз», — деп жауап берді ол.
Тікелей эфир кезінде Бақытжан Сағынтаев қалада тағы 1 мың автобус жетіспейтіндігін атап өтті.
«Біз жыл сайын жаңа автобустар сатып аламыз және олардың қызмет ету мерзімі бар. Техника болған соң сынады. 2012 жылдан бастап біз жолақыны бір деңгейде ұстадық — 80 теңге. Біз субсидия береміз. Соның арқасында қалада 20 тасымалдаушымыз бар. Олар қаланың 50%-ын қамтамасыз етеді, ал қалған 50% — «Алматыэлектротранс» «, — деді әкім
Жыл соңына дейін әкімдік тағы 300 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Вам может быть интересно: «Диетолог рассказала, какую малину лучше не покупать»