Астана айналасындағы «жасыл белдеу» бас қаланың дамуына қалай әсер етті

Елорда айналасын қоршай бой көтерген жасыл белдеу қаланың таза ауамен тыныстауына мүмкіндік беретін «өкпесіне» айналды. Ауқымды жоба 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған еді. 24 жылда «Жасыл белдеу» аумағы кеңейді, жыл сайын тал отырғызылып, құстар мен жан-жануарға қолайлы орта жасалды. Қала күні қарсаңында ҚазАқпарат агенттігі «жасыл белдеудің» бүгінгі тыныс-тіршілігіне шолу ұсынады.

Бастапқыда «жасыл белдеу» құру идеясы қаланы желден қорғауды және қолайлы экологиялық орта жасауды мақсат етті. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары «жасыл белдеу» аумағында емін-еркін серуендеп, демалыс күнін жақсы өткізетін орынға айналдырды.

«Астананың айналасында нағыз «жасыл белдеу» орнады. Оның жазық даладағы орманға айналғаны маңызды. Көпшілігі бұл жер жарамсыз, оған ағаш өспейді деп санаған еді. Алайда біздің орманшылар мен ғалымдардың бұл мәселеге біліктілікпен қарап, қажетті көшеттерді іріктеп алуы ғажап нәрсе жасауға мүмкіндік берді – қаланың айналасында 60 мың гектар, қала ішінде тағы 20 мың гектар аумаққа ағаш егілді», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы «жасыл белдеудегі» кездесуінде.

 



Сол жылы Елбасы 2020 жылға қарай орман көлемі 100 мың гектарға жетеді деп болжады және бұл міндет орындалды. Қазіргі уақытта «жасыл белдеуде» 9 миллион 600 мыңнан астам ағаш пен 1 миллион 800 мың бұта бар.

«Жасыл белдеу» орманы сөзсіз, қаланың экологиялық жағдайына да әсер етіп, ауа сапасын жақсартуға көмектесті. Климат жұмсара түсті, қала жел мен шаңнан қорғалды. Сондай-ақ, «жасыл белдеу» жел жылдамдығын біршама төмендетуге көмектеседі және қыста ақтүтек бораннан қорғайды.

 



«Жасыл белдеу» шеңберінде «Жасыл аймақ» РМК аумағы 8 орманшылыққа бөлінген: «Қызылжар», «Ерейментау», «Аршалы», «Вячеслав», «Бозайғыр», «Астана» және «Батыс». Бұл учаскелердің барлығы Нұр-Сұлтан қаласын қоршап тұр. ҚазАқпарат тілшілері Қызылжар орманшылығына барды, онда мемлекеттік орман қоры 12 мың гектардан асады. Мұндағы әр аумақта барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылған.

 



Орман тәлімбақтары

«Жасыл аймақ» өкілдерінің айтуынша, орманды дала және дала аймақтарына төзімді ағаштар мен бұталардың түрі ұсынылған. Ал ағаштар мен бұталардың 104 түрі сыналып, 28 тұқым өндіріске жіберілген.

 



«Жасыл Аймақ» РМК-да екі тұрақты суармалы орман тәлімбағы бар: жалпы ауданы 110 гектар болатын «Ақ қайың» және 69 гектар болатын «Дамса». Онда жыл сайын 8 миллионнан астам көшет және тамырланған шыбықтар өсіріледі, олар Нұр-Сұлтанда жасыл аймақты жоспарлы отырғызу үшін орманшылықтарда пайдаланылады.

 



Жуырға дейін ағаш және бұта тұқымдыларының ұрығы орман дақылдарынан, автомобиль және темір жолдар бойындағы орман белдеулерінен және қалалық орман-саябақ көшеттерінен жиналды. Мұндай тұқым жинау кезінде селекциялық тұқым шаруашылығы талаптары сақталмады. Бұл жағдай селекциялық негізде тұрақты орман тұқымы плантацияларын ұйымдастыруды қажет етті. 2004 жылы «Жасыл Аймақ» РМК өтінімі мен тапсырмасы бойынша «Қазгипролесхоз» РМК Солтүстік Қазақстан филиалы 155 гектар жерде селекциялық негізде ағаш-бұта тұқымдастарының орман тұқымы плантацияларын құру жобасын әзірледі.

 



Бүгінгі күні орман тұқымы плантацияларында 53 568 дана, ауданы 92,208 гектарға жететін ағаш-бұтаның 67 түрі бар. Олардың 35 түрі жеміс беру кезеңіне жетті және «Ақ қайың» және «Дамса» тәлімбақтарының тұқымдарға қажеттілігін қамтамасыз етеді.

 



Барлық маусымдық жұмыстар аяқталған соң, ағаш тұқымы плантацияларында көшеттерді жыл сайынғы күзгі түгендеу жұмыстары жүргізіледі.

2020 жылы «Ақ қайың» тәлімбағында бір жылдық алты түрлі ағаш-бұта тұқымдас көшеттер, екі жылдық алты түр, тамырланған шыбықтың — екі түрі, мектеп бөлімшесінің көшеттерінен — 25 түр өсірілген. Мұнда барлығы 33 түрлі ағаш-бұта бар. Күзгі түгендеу мәліметтері бойынша 50,85 гектар жерде 12 871 562 дана көшет өседі. Жаз бойы егіс бөлімінде көшеттерді суару, қажеттілігіне қарай қолмен отау және механикаланған күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі.

 



Ал «Дамса» тәлімбағы Ақмола облысының «Научный» кентінде орналасқан. Бұл тәлімбақ бағалы тұқымдарды мамандандырылған өсіру үшін құрылған. Мұнда ағаш-бұтаның алты түрі бар. Күзгі түгендеу мәліметтері бойынша 19,03 гектар аумақта 9 212 482 дана көшет өсіп тұр.

 

 

Ормандар қалай қорғалады

Жасыл белдеудің әрбір учаскесінде «Жасыл аймақ» РМК мемлекеттік орман күзеті жұмыс істейді. «Жасыл аймақ» орман қорына барлық учаскелер бойынша 124 адам тартылған.

«Орманда 360 градустық екі өрт бақылау мұнарасы жұмыс істейді. Дала және орман өрттерінің ықтимал тұтануы толық бақыланады. Тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Орман шаруашылығы аумағында бірінші типтегі өрт сөндіру станциясы бар. Дала және орман өрттерін дер кезінде жою үшін екі автокөлік бар. Себебі ең үлкен қауіп дала өрттерінен келеді», — деді «Жасыл аймақ» кәсіпорнының орман қорын қорғау және күзету секторының меңгерушісі Жанайдар Теміров ҚазАқпарат тілшілеріне берген сұхбатта.

Жазғы маусымның басталуымен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары демалыс және мереке күндері орманда демалады. Сондықтан келушілерге ормандағы қауіпсіздік шараларын түсіндіру маңызды. Жанайдар Теміровтің айтуынша, аумақта өрт оқиғалары орын алуы мүмкін.

«Келушілер демалыс және мереке күндері өте көп болады. Рекреациялық жүктеме үлкен. Мұнда демалуға, тіпті белгілі бір жерлерде кәуап пісіруге, баскетбол, волейбол ойнауға болатын арнайы орындар бар. Со сияқты орманда жаяу серуендеуге арналған бірнеше нүкте құрылған. Өйткені, бұл Тұңғыш Президенттің бастамасы және адамдар үшін барлық жағдай жасалуы керек. Дегенмен барлық адам орманда қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Арнайы белгіленбеген жерде от жағуға, қоқыс пен пакет тастауға болмайды», — деп ескертті Ж. Теміров.

Орманды қорғаудың негізгі міндеттерінің бірі – ондағы ағаштарды заңсыз кесуден, дала мен орман өрттерінен қорғау және орман зиянкестерімен күресу.

«Біздің міндетіміз – орман отырғызу ғана емес, оны сақтау және қорғау. Бүгінге дейін «жасыл белдеу» аумағында ағаштарды заңсыз кесу фактілері тіркелген жоқ», — деп атап өтті Ж.Теміров.

«Жасыл белдеу» ағаштарына қандай күтім жасалады

«Жасыл белдеуде» негізінен аймақтың климаттық жағдайларына бейімделген ағаштар өседі. Яғни, елдің солтүстігінде өсетін ағаштар басым: кәдімгі қарағай, Венгр бөртегүлі, жапырақты үйеңкі, қайыңның бірнеше түрі және теректер бар. Аумақта 1973 жылдарды егілген ағаштарды көруге болады. Ал 2010 жылы отырғызылған ағаштар биыл 6-7 метрге жетті.

«Жыл сайын бес мың гектар жерге көшет отырғызылады. Бүгінге дейін 90 мың гектардан астам орман отырғыздық. Нұр-Сұлтан қаласының периметрі бойынша оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс бағыттағы орман жағдайы жасалды. Ал қыс басталысымен қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғау жұмыстары басталады. 1-31 желтоқсан күндері комитеттің «Қылқан жапырақты жас шыбықтарды қорғауды күшейту туралы» бұйрығына сәйкес, тәулік бойы мобильді посттар қоямыз, онда қылқан жапырақты жас шыбықтарды кесуге жол бермеу үшін орман күзеті кезекшілік етеді. Сондай-ақ браконьерлікке қарсы жұмыстар да жүргізіледі Ағаш кесу жөнінде қылмыстық бап қарастырылған және адамдар заңға бағынады. Бірақ өзінен кейін қоқыс тастайтын қонақтар да бар», — дейді Жанайдар Теміров.

Маманның айтуынша, «Жасыл белдеуде» жыл сайын 4 мыңнан 5 мыңға дейін көшет отырғызылады. Ағаштар көктемде шамамен 10 сәуір мен 25 сәуір аралығында егіледі.

Жылдар бойы жидек маусымы кезінде қала тұрғындары мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қарақат жинайды. «Жасыл аймақ» атап өткендей, қарақат жинауға еш тыйым салынбайды, керісінше құпталады – себебі бұл аймақ тұрғындарға арналған.

«Жасыл белдеуде» қандай аң-құс бар

«Жасыл белдеуде» жан-жануарларға айрықша көңіл бөлінеді. Орман пайда болғанда жануарлар әлемі де бірге дамиды. Айтпақшы, «жасыл белдеу» аумағында Астана күні қарсаңында қырғауылдарды шығару дәстүрі бар.

Елорда әкімдігінің ақпаратына сәйкес, құстар санын, оның ішінде қырғауылдарды көбейту үшін қырғауыл мекендерін кеңейту және реконструкциялау жүргізілді. Бұл қырғауыл санын жылына екі мың құсқа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қырғауыл өсіру зиянкес жәндіктермен күресуге және санитарлық-қорғау аймағын табиғи орман жағдайына жақындатуға көмектеседі.

Одан бөлек, «жасыл белдеу» аумағын түлкі, қарсақ, ақ және сұр кекілік, елік, қабан мекендейді. Әсіресе, көптеген қоянды кезіктіруге болады. Бірақ «жасыл белдеу» айналасында қасқырлар жоқ. Қабандар Вячеслав орман шаруашылығында болуы мүмкін. Бұл аумақтарда аң аулауға тыйым салынады.

«Жасыл белдеу» жоспарлары

«Жасыл белдеу» аумағындағы учаскелердің бірінде велосипед жолы салынды. Енді тұрғындар «жасыл белдеудің» оңтүстік-батыс бөлігінде велосипедпен жүре алады. Веложол екі жолақты, онда велосипедті жалға алуға да болады», — дейді «Астана орманы» ЖШС күзет және қорғау учаскесінің бастығы Қанатбек Абылайхан.

Сондай-ақ, «жасыл белдеу» аумағында атпен серуен жолы әзірленіп жатыр. Бос уақытты белсенді өткізу үшін әкімдік жоспарында скейтбордингке арналған алаңдар құру, теннис, футбол алаңдарын және балалардың ойын алаңдарын орнату бар.

«Орман қызметі тұрақты түрде патруль жасайды. Барлық қызметкерлер рациямен жабдықталған. Ақпарат күнделікті жинақталады. Төтенше жағдайға да арнайы нұсқаулар бар. Әзірге орманымызда адасу, жоғалып кету жағдайлары болған жоқ. Бір ғана өтінішіміз – адамдардың шырпымен абай болуын сұрар едік. Мамандардың қанша жылдық еңбегі бір шырпының құрбаны болып кетуі мүмкін» , — дейді Ж. Теміров.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, мұндай орманды қысқа мерзімде құру мүмкін емес.

«Маған мұндай орман құру мүмкін емес деп айтатын. Ал біз не көріп отырмыз? Елорданың батысындағы ағаштар одан да әдемі. Мұның бәрі жастар үшін, сіздер үшін. Бұл орман керемет болады. Бұл орман – нағыз арман», — деді Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы кездесуінде.

Айта кетейік, биыл да Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қала айналасындағы орманды алқаптың даму барысымен танысты және жылдағы дәстүр бойынша табиғи ортаға қырғауыл ұшыру шарасына қатысты.

Елбасы елорданың «жасыл белдеуіне» ұлттық саябақ мәртебесін беруді, өкілетті органдарға қала маңындағы жерлерге тексеріс жүргізуді ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев елорданы дамыту барысын қайта қарап, шаһар аумағындағы бос жатқан жерлерде ішінара құрылыс жүргізуге көшу қажеттігін айтты.

«Табиғатты аялап, тазалық сақтау қажет. Ағаштарды өрттен қорғап, жойылып кетуіне жол бермеу керек. Мұның бәрі өзіміздің балаларымыз үшін, келер ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатыр. Олар осындай керемет сый қалдырғанымыз үшін бізді мақтан тұтатын болады. Туған жерге деген махаббат – қазақстандық патриотизмнің маңызды бөлігі. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін Қазақстанда екі миллиард ағаш отырғызу туралы бастамасын қолдаймын. Бұл маңызды әрі жауапты іс. Сол арқылы біз елімізді көгалдандырамыз. Жасыл желек экологияны жақсартады және халықтың денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай туғызады,– деді Елбасы.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
2030 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить