Нұрлан Ноғаев мұнай өндірісін арттыру туралы пікір білдірді
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мұнай өндірісінің көлемін арттыруға қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен мұнай өндірісінің көлемін реттеу мәселесіндегі өзге елдердің ұстанымын айта алмаймын. Бірақ біз өндіріс көлемін байыппен арттыруға негіз бар деп есептейміз. Өйткені біз бүкіл әлемде вакциналау белсенді жүріп жатқанын көріп отырмыз. Ол шаралар өз жемісін беріп жатыр. Кәсіпорындар ашылып, экономикалық белсенділік күшейіп келеді. Мәселе мұнай өндірісін қанша көлемге көбейте аламыз деген сұраққа келіп тіреліп тұр», — деді Нұрлан Ноғаев.
Министр ОПЕК+ ұйымы келісімнің шешімімен мұнай өндірісінің көлемін арттыруға рұқсат берілсе, Қазақстан неше тонна мұнай шығара алатынын айтты.
«Пандемия басталғанға дейін жыл қорытындысында 90 млн тонна мұнай мен конденсат өндіру жоспарланған болатын. Ал іс жүзінде 85,7 млн тонна мұнай алдық. Осыдан біздің әлеуметімізді көруге болады. Мұнай өндірісін арттыру туралы келісілген шешім шыққан жағдайда мұнай мен конденсаттың өндіріс көлемін осынша шамада арттыруға мүмкіндігіміз бар», — деді министр.
Вам может быть интересно: «Қазақстанның жемқорлықпен күрес тәжірибесі Ташкенттегі ЭЫҰ отырысында ұсынылды»