Президент тапсырмасы: Биржадағы саудада тәртіп орнай бастады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында биржадағы сауда-саттықты тәртіпке келтіру туралы тапсырмасы жүзеге асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында Президент берген тапсырмалардың орындалғаны туралы кезекті мәлімет жариялады.
2020 жылғы халыққа Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев биржадағы сауда-саттықтың ел экономикасындағы рөліне тоқталған болатын.
«Биржадағы сауда-саттықты тәртіпке келтіру керек. Бұл ең алдымен мұнай өнімдері, электр энергиясы, көмір саудасына қатысты. Бұл саладағы ірі компаниялардың көзбояушылығына жол беруге болмайды», — деген болатын Президент.
Берік Уәлидің мәліметінше, сол тапсырма аясында ведомствоаралық консультативтік-кеңесші орган – Биржа комитеті құрылған.
«Нарық қатысушылары биржалық саудаға кедергісіз кіру үшін ауқымды түрде оқытылуда. Биржалық тауарлар тізіміне мұнай өнімдерінің тобы, соның ішінде битум енгізілді», — деп жазылған инфографикада.
Президенттің баспасөз хатшысы биыл 31 наурызда бензин мен битум биржалық саудаға шығарылғанын еске алады.
«24 мамырда көмірдің қолжетімді шағын партиялары өңірлік операторларға сатыла бастады. 16 маусымда тауар биржаларына, биржалық және биржадан тыс баға белгіленімдеріне мониторинг жүргізетін Ахуалдық орталық іске қосылды», — деп жазылған мәліметте.
Вам может быть интересно: «Қазақстанның жемқорлықпен күрес тәжірибесі Ташкенттегі ЭЫҰ отырысында ұсынылды»