Магистратураға 6 142 адам өтініш берді — БҒМ
Магистуратура және докторантураға құжаттар Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып жатыр. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл магистуратура және докторантураға құжаттар Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Магистратураға құжаттар қабылдау осы жылдың 18 маусымы мен 15 шілдесі аралығында жүргізіледі. Докторантураға құжаттар 3 шілде мен 3 тамыз аралығында бір ай қабылданады.
Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеден 10 тамызға дейін жалғасады. Ал докторантураға түсу емтиханы 4-20 тамыз аралығында өтеді.
Кешенді тестілеу нәтижесі бойынша магистратураға білім беру гранттарын беру конкурсы 11-15 тамыз аралығында, докторантураға 22-24 тамыз аралығында жүргізіледі.
Магистратура мен докторантура бойынша жалпы оқуға қабылдау 28 тамызда аяқталатын болады», — деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта магистратураға құжаттар Ұлттық тестілеу орталығы ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып жатыр.
«Үміткер өзінің электронды поштасы арқылы тіркеліп, мәліметтерін толтырады. Бұдан ары магистратураға түсу бағдарламасы мен жоғары оқу орнын таңдайды. Магистратурада тек қана бір білім беру бағдарламасы және 1 ғана жоғары оқу орны таңдалады. Жалпы осы жылы кешенді тестілеу өткізу форматы өзгеріссіз қалады. 28 маусымдағы ақпарат бойынша, қазіргі уақытта магистратураға 6 142 өтініш қабылданды. Үміткерлерге кешенді тестілеу өткізу уақыты және орны 18 шілдеге дейін жеке кабинеттеріне жолданады. Тестілеу аяқталған соң үміткер 30 минут ішінде онлайн форматта апелляцияға бере алады», — деді Әділет Тойбаев.
Вам может быть интересно: «Қазақстанның жемқорлықпен күрес тәжірибесі Ташкенттегі ЭЫҰ отырысында ұсынылды»