Алматыда КВИ таралуы маусым айында екі есе азайды
Маусым айында Алматыда коронавирустың таралуы екі есе азайды. Бұл туралы Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде ол аурудың жойылмағанын, өткен тәулікте мегаполисте коронавирус инфекциясының 112 жаңа жағдайы тіркелгенін айтты.
Жандарбек Бекшин эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру аясында халыққа вакцинация ең маңызды міндет болып қала беретіндігін атап өтті. Сонымен қатар ол санитарлық талаптарды сақтау керектігін еске салды.
«12 маусымнан бастап Алматы «жасыл» аймақта. Айдың басынан бастап коронавирустық ауру 2 есе азайды. Өткен тәулікте КВИ ауруының 112 жағдайы тіркелді, күнделікті өсім 0,1% дейін төмендеді», — деді Жандарбек Бекшин.
Ол эпидемия басталғаннан бері Алматы қаласында 71 820 ауру тіркелгенін, ал осы жылдың басынан бері 53 000-нан астам жағдайдың орын алғанын еске салды.
«Халықтың 100 мың тұрғынына шаққандағы таралу деңгейі соңғы 7 күнде төмендеуде — репродуктивті саны 0,79-да тұрақтанған жағдайда 64,7-ден 39,8-ге дейін төмендеді, бұл «жасыл» аймақ параметрлеріне сәйкес келеді» — деп түсіндірді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.
Жандарбек Бекшин Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа жарлығы дайындалғанын және 19 маусымнан бастап күшіне енетінін айтып өтті. Жаңа құжатқа сәйкес, кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктер айқындалады.
Еске сала кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда коронавирустық инфекция бойынша оң ПТР-мен 1145 жағдай анықталды.
Вам может быть интересно: «Қазақстанның жемқорлықпен күрес тәжірибесі Ташкенттегі ЭЫҰ отырысында ұсынылды»