Бұқтырмада Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы басталды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов құрылысы басталған Бұқтырмадағы көпірдің капсуласын салу салтанатты рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы басталған.

Екі жолақты автокөлік көпірі Құйған ауылының жанындағы жасанды су қоймасының ені ең жіңішке учаскесінде салынады.

Көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады. Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын жобаның мердігері – «ОблШығысЖол» ЖШС.



Құрылыс жұмыстары 2024 жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда.

«Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы — облыс тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға. Осы жоба шекаралас аудандарды облыстың басқа өңірлерімен байланыстырады, жолаушылар мен жүк тасымалын жеңілдетеді. Сондай-ақ көпір шалғайдағы елді мекендер халқының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етіп, облыс экономикасын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді Даниал Ахметов.

 

 

Салтанатты рәсімде жұртшылық атынан сөз алған Күршім ауданының құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрсовет Қайыров құрылысшыларға табыс тілеп, шалғайдағы ауыл тұрғындарының мәселесіне назар аударған ел басшылығына алғыс айтты.

«Тәуелсіздік алған жылдары тоқырап тұрған барлық саланың бойына біртіндеп қажырлы еңбекпен қан жүгірткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Сабыр түбі — сары алтын» екенін үнемі айтып келеді. Ең бастысы – бейбіт өмір сүру және өз халқыңның игілігі үшін қызмет ету. Біз, Күршім ауданының тұрғындары төзімділік танытып, осы тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Халықтың мұңына құлақ түретін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына ризашылығымыз шексіз», — деді ақсақал.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Мәселен, айналма және технологиялық жолдар төселді, электр желілері тартылып, су өткізу құбырлары орнатылды.

Бұдан бөлек, көпір салушыларға арналған жатақхана тұрғызылуда.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
2621 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить